Профессор Жолдиннің 70 жасқа толуына арналады

Марат Оспанов атындағы БҚМУ қабырғасында профессор Б. Қ. Жолдиннің 70 жасқа толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.

Оған Қазақстан мен шет елдердің медициналық жоғары оқу орындарының 600-ден аса дәрігерлері мен оқытушылары қатысты.

​”Жүрек-қантамыр патологиясы бар науқастардағы коморбидтік жағдайы: диагностикалау мен емдеудің күрделілігі” тақырыбындағы конференцияның ресми ұйымдастырушылары “Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті” КеАҚ және ҚР Кардиологтар қауымдастығы.

​”Марат Оспанов атындағы БҚМУ” КеАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор, м.ғ.д., профессор Мұрат Телеуов мерейтой иесін құттықтап, профессор Бекболат Жолдиннің Батыс Қазақстандағы кардиологиялық қызметті дамытуға қосқан зор үлесі туралы айтып, оған ұзақ жылдар бойы жемісті ғылыми жұмыс тіледі.

​Ректор Бекболат Құлжанұлына Ұлттық марапат “Алтын адам” медалін, ҚР Ғылым және білім министрлігінің, Халықаралық “Алтын глобус” академиясының профессор Б. К. Жолдиннің есімі “Танымал тұлғалар” республикалық энциклопедиясына енгізілгенін растайтын сертификатын және естелік сыйлықты табыс етті.​

​Мерейтой иесіне Байғанин ауданының әкімі Қайрат Утаровтың атынан құттықтау хат, “Байғанин ауданының Құрметті азаматы” төсбелгісі, естелік сыйлық табыс етілді.

​Сондай-ақ Бекболат Құлжанұлын оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор, м.ғ.д., профессор Эльнара Исмагулова, м. ғ. к., ішкі аурулар пропедевтикасы кафедрасының доценті Ғазиза Смағұлова, кафедралар мен департаменттердің басшылары құттықтады.

Марат Оспанов атындағы БҚМУ барлық қызметкерлері үшін бұл форум маңызды оқиға болды, себебі кардиологтар мен ішкі медицина саласындағы басқа да мамандарды біріктіруге, ішкі медицина саласындағы тәжірибемен және белгілі бір ғылыми жетістіктермен бөлісуге мүмкіндік берді.

​Конференцияда Ресей мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары баяндама жасады. Олардың қатарында Н. И. Пирогов атындағы Ресей Ұлттық зерттеу медициналық университетінің, Оңтүстік-Орал ММУ, Башқұрт ММУ, Академик Е. А. Вагнер атындағы Пермь ММУ, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының, Алматы қ. ҚКО рентгенхирургия бөлімшесінің, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қызметкерлері және, әрине, М. Оспанов атындағы БҚМУ оқытушылары баяндама жасады.

​Ғылыми-практикалық конференция шеңберінде неврология, эндокринология, кардиология сияқты бағыттар бойынша қолданбалы маңызы бар мастер-класстар өткізуге арналған виртуалды залдар ұйымдастырылды.

Қорытындылай келе, мұндай конференцияларды ұйымдастыру пікірлестер арасында пікір алмасу үшін ғана емес, сонымен қатар ішкі медицинаның әртүрлі бөлімдері бойынша заманауи ақпарат алу, коморбидті жағдайдағы күрделі науқастарды диагностикалау мен емдеуді жақсартуға мүмкіндік беретін Қазақстан мен шетел ғалымдары арасында тікелей ғылыми байланыстар орнату үшін мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.