Мерекелік кештің әуендері
3 наурыз күні Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлында нәзік жандылар күніне арналаған меркелік кеш өтті. Думанды кештің бастауы көркем ұлттық нақыштағы күй оркестрінің жанды күмбірімен ашылып, сахнадағы бейне экраннан ұсынылған үзік сюжетпен үндескені салтанатты шараның көркін қыздырды. Мерекелік шараның ашылу сөзін басқарма төрағасы, ректордың міндетін атқарушы Исмагулова Эльнара Кереевна алып, барша нәзік жандылар қауымын мерекесімен құттықтап, жылы лебіз ілтипатын білдірді. Жыл бойы университет қабырғасында өз саласында үздік деп танылған қызметкерлер мен студенттер марапатталып, сахна төрінің қошеметіне бөленді. Думанды салтанатты шараның әуезін университеттің өнерлі студенттері көркемдеп, ерекше мерекелік әсерлерге бөледі. Атап айтқанда, Алау квартеті, «ЖасStar» би ансамблі, «Лаула триосы» өнерімен кешті өрістетіп, Ағайынды Жолановтар тобы «Асыл анам» әнін шырқап, ұстаздарды студенттер вальске шакырады. Бұдан бөлек кеш барысында Оспанов КВН құрамасы, «ЖасStar» би ансамблі, Абдурахмен Жандос пен Насимов Илияс «Қазақ қызы», Медициналық рок-джаз аспаптар ансамблі, «МедАрт» квартеті (Попурри) шығармаларын орындап, мереке мазмұнын көркемдей түсті. Тамаша әуезбен, әуенмен әрленген мерекелік мәнердегі кештің әсері қатысушы барша жанға әспетті көңіл ұсынғаны сөзсіз. Барша нәзік жандылар қауымына келе жатқан халықаралық нәзік жандылар мерекесі құтты болсын!