Алтыннан медаль тағынған арулар

Медициналық оқумен қатар жанына спортты серік еткен арулар ел біріншілігінің алтынын олжалап келді. Хасанова Ақмарал – «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетінің 2-курс студенті. Белбеу күресінен 25-26 ақпан күндері Шымкент қаласында өткен 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының алтынын еншіледі. Ақмарал – бұл спорт түрімен 4 жылдан бері табан тартпай шұғылданып біршама жетістіктерді қанжығасына байлап жүрген ару. Ол Дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер. Ақмарал наурыз айынының соңында өту жоспарланған Астана қаласында өтетін ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысуға дайындықтарын пысықтауда. Ақмаралға барша университет ұжымы мен студенттер сәттілік тілейді.

25-27 ақпан күндері Қостанай қаласында өткен Азия әлем чемпионатына іріктеу турнирінде университетіміздің 1-курс студенті Өтебай Аружан Джиу джитсудан жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Аружан – осы спорт түрі бойынша спорт шеберіне үміткер ару. Аталған спорт саласы бойынша 4 жыл шұғылданып, шеберлігін сәт сайын шыңдап келеді. Бұл алтын жүлденің орны ерекше. Себебі, осы біріншіліктің алтынын тағынған жеңімпаз наурыз айының аяғында Бахрейннің Манама қаласында ұйымдастырылатын Азия чемпионатына жолдаманы иеленеді. Енді, Аружан Азиялық арулар арасында бақ сынап, өз шеберлігімен қарым-қабілетін сынайтын болады. Және тағы, қараша айында өту жоспарда тұрған әлем чемпионатына да жолдама Аружанға тиесілі. Әлем біріншілігі алдағы қараша айында Дубай қаласының тотамиінде өткізілмек. Ендеше, Аружанға оқу орны ұжымы мен студенттер қауымы тек сәттілік тілейді. Қазақстанның туын көкке желбірететін студенттерін мақтаныш етеді.