Зверев оқулары
Жыл сайын Ресейдің Екатеринбург қаласында Орал өңірінде балалар хирургиясының негізін қалаған Алексей Федорович Зверевтің құрметіне арналған «Зверевские чтения» атты дәстүрлі түрде балалар хирургтарының Қысқы мектебі өтеді.
Бұл шараға Ресейдің, Украинаның, Қазахстанның, Қырғызстан және Өзбекстанның көптеген оқу орындарынан балалар хирургтары, студенттері және ординаторлары жиналады. Мектеп Орал мемлекеттік медицина университетінің (ОММУ), балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі м.ғ.д., профессор Цап Наталья Александровна басқаруымен ұйымдастырылып келеді.
Осы жылы, 30.01.20 мен 03.02.20г. аралығында, Марат Оспанов атындағы БҚМУ-нің балалар хирургтар резиденттері Латыпов Н.И., Кабаев Р.Т., Пиримбетов Н.А., Кумарова А.Ж., Есеналина Н.С., Салыкбаев Б.Д., балалар хирургиясы кафедрасының доценті Бисалиев Бауыржан Нұрниязұлының басшылығымен команда құрылып, ОММУ-ң 90 жылдығына орай өткен, кезекті VI халықаралық «Зверевские чтения – 2020» атты Қысқы мектебіне қатысты.
Халықаралық мектеп мерекесін ОММУ ректоры проф. Ковтун О.П., салтанатты түрде ашты және әрбір команда өзінің қаласы мен университетін насихаттайтын көрме көрсетті. «Балалар хирургиясының өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференциясында БҚМУ командасы атынан екі баяндама жасалды. Балалар хирургы резиденті Есеналина Найля «Балалардағы туа біткен гидронефроздың хирургиялық емдеу нәтижесінің салыстырмалы бағасы» деген ғылыми жұмысы 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Екінші баяндама «Балалардағы шап жарығының заманауи хиругиялық емінің түрлері» тақырыбында резидент Кумарова Айнур жасады. Мектептің бірінші күні «Brain ring» конкурсымен аяқталды, онда командалар медицина тарихынан, медицинадағы әйгілі тұлғалар мен маңызды күндер туралы сұрақтарға тез жауап беруде сайысты.
Профессор-оқытушылар құрамының команда жетекшілері жиналған студенттер аудиториясына балалар хирургиясындағы өзекті мәселелер бойынша дәрістер өткізді. Доцент Бисалиев Б.Н. «Жаңа туған нәрестелердің некротикалық энтероколиті» тақырыбында дәріс оқыды. Ал сайыстың екінші күні бассейнде «Суға кеткенді құтқару» атты сайыспен аяқталды, онда командалар жүзу жүйріктігі мен суға батқан адамға көмек көрсетуде шеберлік танытты. Резидент Латыпов Наиль осы сайыста 1 дәрежелі диплом алды.
«Стационар» сайысында сайыскерлер жасанды кезекшілік қойылымы бойынша балаларға гипсттік таңғыш салу, жарақатқа алғашқы хирургиялық өңдеу, лапароскопиялық аппендэктомияны орындау көмектерін көрсетті. Бұл сайыста да жүлделі болдық. «Құтқарушы-шаңғышылар» сайысында командалар 1 км. қашықтыққа шаңғы теуіп келіп, қол-аяғы жарақаттанған науқасқа қан тоқтату таңғышы немесе транспорттық шина салып, кедергілер арқылы тасымалдау бойынша жарысты. Үшінші күні сайыскерлер балаларға реанимациялық көмек көрсетуде білімін арттырды. Сайыскерлер балалардағы жүрек-өкпе реанимациясын арнайы муляждарда жасауды үйренді.
Қысқы мектептің жабылуы әдеттегідей өзінінің әнұраны орындалып, салтанатты кешпен аяқталды.