Университтеттің филиалы ашылды

2022 жылы іргетасы қаланғанына 65 жыл толатын М.Оспанов атындағы БҚМУ қанатын кеңге жайып, өрісін кеңейтіп келеді. Жақында Атырау қаласында университеттің филиалы өз жұмысын бастаған болатын. Жергілікті жоғары медициналық колледжінің ғимаратында орналасқан филиалдың ресми ашылу салтанатын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Басқарма мүшесі – Ректор м.а. м.ғ.д., профессор Э.К. Исмагулова құттықтау сөзімен ашты. Шараға Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.М. Байдувалиев, облыстық, қалалық медициналық ұйымдардың басшылары, Атырау жоғары медициналық колледжінің ұжымы, филиалда білім алуға ынталы дәрігер-резиденттер мен олардың тәлімгерлері қатысты.

Салтанат соңында алқалы бас қосу ұйымдастырылып, онда жергілікті медициналық ұйымның жетекшілері университет басшысына Атырау облыстық балалар ауруханасына педиатр, неонатолог мамандар қажеттігін, қалалық перзентханаға акушер-гинекологтар керек екенін алға тартты. Ал, №2 Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері м.а. Н.А. Ергалиева аймаққа пандемия кезінде көмекке жіберілген дәрігер-резиденттер үшін дәрігерлер мен Атырау облысы тұрғындары атынан ризашылық танытты. Дәрігер-резидент Ф.Е. Джайлаубаева сөз алып резиденттердің атынан тұрғылықты жері бойынша білім беру ісінің тиімді ұйымдастырылғаны үшін университет басшылығы мен жергілікті билікке алғыс айтты.

Атырау қаласындағы университет филиалында 36 резидент білім алуда, оның ішінде 22 реаниматолог-анестезиолог резидент бар. Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен 14 грант бөлінген. Осылайша университеттің Атырау қаласындағы филиалының ашылу рәсімі жоғары ұйымдастырушылық жағдайда өткізілді.