Сексенде де сергек жан

Университет ұжымы қуана құттықтаған м.ғ.д. профессор, еңбек ардагері Ахметов Қайырғали Жалелұлы шынында да 80 жасқа сергек жеткен адам.

55 жылдан бері ұстаздық пен дәрігерліктің ескегін қатар ескен Қайырғали Жалелұлы әлі күнге денсаулық сақтау саласы мамандарының бүгінгі ұрпағына тәлім-тәрбие беріп келеді. Еңбек жолын учаскелік аурухананың меңгерушісі болып бастаған Қ.Ахметовтің 50 жылдық ғұмыры М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің тарихи дамуымен тікелей байланысты. Ізденістен қол үзбеген ол кафедра меңгерушісі, декан, проректор лауазымдарын да абыроймен атқарды. Қайырғали Жалелұлының кардиология, терапия, педагогиканың әртүрлі тақырыптарына арналған 218 ғылыми еңбектері баспадан шықты. Оның ішінде 2 монография (біреуі ағылшын тіліне аударылған) және қазақ-орыс тілдерінде жазылған 15 шақты оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулары бар. Қ.Ахметов екі ғылыми жаңалық пен 8 рационализаторлық ұсыныстар авторы. Қ.Ж. Ахметовтың 20-ға жуық ғылыми еңбектері АҚШ, Қытай, Израиль, Германия, Грекия, Түркияда өткен халықаралық конгресстерде талқыланды және баспадан шықты.

Оның ғылыми жетекшілігімен 6 кандидаттық диссертация қорғалды, кардиология мамандығы бойынша бірнеше резидент даярланды.

Бұл күнде Ахметов Қайырғали Жалелұлы – ұл-қызынан сүйген немере-жиендері және шөбересі үшін тамырын тереңге жайған саялы бәйтерек.

Унисерситет ұжымының мақтанышы, абыз ақсақалы Қайырғали Жалелұлына денсаулықтың байлығын тілейміз!