Кішкентай таланттар
3 маусымда Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Балалар жылы» жобасы аясында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 65 жылдығына арналған «Біз өмірдің гүліміз!» атты мерекелік шара өтті. Шараны университетіміздің кәсіподақ комитеті ұйымдастырды.
Шараға университет қызметкерлерінің балалары, ата-аналар, «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төраға орынбасары Ашықбаева Гүлжан Ғинаятқызы және Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің кәсіптік салалық «Сенім» кәсіподағының заңгері Таңжарбай Ақбота Ерболатқызы қатысты.
Мақсаты: Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастауымен «Балалар жылы» жариялануы туралы түсініктерін бекіту. Ойын-сауықта өлең айтып, би билеу арқылы белсенділіктерін арттыру. Балаларды өзін құрметтеуге, әлеуметтік мәнділік сезімін, жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу.
Ән-күймен, бимен басталған шара балалардың ойынымен, сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар алуымен жалғасты.
16 мамырдан 26 мамырға дейін «Біз таланттарды іздейміз» тақырыбында жарияланған конкурс бойынша вокал, хореография, инструменталды жанр, мәнерлеп оқу, сурет өнері номинацияларының қорытындылары белгілі болып, номинанттар марпатталды.
Балалар күніне арналған мерекелік лебізін білдіру үшін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің басқарма мүшесі, Стратегиялық даму, ғылым және халықаралық серіктестік жөніндегі проректоры Сапарбаев Самат Сагатович және «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төраға орынбасары Ашықбаева Гүлжан Ғинаятқызы сөз алып, бәйге қорытындысы бойынша өнерпаз балаларды марапаттады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Балалар жылы» жобасы аясында университет әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымының жоспары бойынша «Біргеміз. Қолдаймыз.» акциясы негізінде қызметкерлердің мүмкіндігі шектеулі 8 баласына 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілді.
Сонымен қатар, университеттің аз қамтылған отбасының (асыраушысынан айырылған) балаларын сауықтандыру үшін «CAMPIT» лагеріне тегін 5 жолдама ұсынылды.
Әр номинация бойынша 3-орынға 5000 тг, 2-орынға 7000 тг, 1-орынға 10000 тг көлемінде сертификаттар ұсынылды.
Шара барысында мультфильм персонаждары көрермендерді аралап, жиналған балалардың көңілін көтеріп, соңында флешмоб биледі. Ерекше шаттанған ән-би, күй шеберлері – кішкентай өнерпаздар осылайша көрерменге көңіл-күй сыйлады.