Шәміл Сағынұлы Тәжібаев
Шәміл Сағынұлы Тәжібаев 1945 жылы 31 наурызда Ақтөбе облысында дүниеге келді. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын, 2-Мәскеу медициналық институтының аспирантурасын бітірген. Тамақтану гигиенасы саласындағы қазақ ғалымы, медицина ғылымының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі, Тағамтану институтының вице-президенті, Халықаралық жобалар институтының директоры.
Ш.Тәжібаев Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің денсаулық сақтау ісіне айтулы үлесін қосқан. Емшекпен емізу және емшектен шығару мәселелері бойынша ұсыныстарын жүзеге асыру, зерттеу, өңдеу бойынша ана сүтінің бөгде заттармен ластануы, лактациялық аменорея әдісін қолдану, әртүрлі микронутриенттердің, соның ішінде темір, йод, А витамині, фоли, никотин қышқылдарының, тиамин, рибофлавиннің жетіспеушілігі және оларға саплементация мен тағамдық өнімдерді байыту сияқты 15 ірі халықаралық бағдарламалардың директоры және координаторы қызметтерін атқаруда. 200 ғылыми басылымның, оның ішінде 9 кітаптың, КСРО және Қазақстан Республикасының 12 авторлық куәліктері мен патенттерінің авторы, 10 бекітілген және қорғалған докторлық, 23 кандидаттық диссертациялардың жетекшісі.
Білім беру, ғылым және техника саласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.