ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР!

Қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты,  саналы  ғұмырының бәрін мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға  арнап жүрген  ардагер-ұстаз, ғалым-педагог Ниетжан Берікұлы 95-жасқа  шықты. Абыз-қарияның ғасырға жуық мәнді де мағыналы өміріне  арналған  мерейтойлық «Ғибратқа толы ғұмыр!» атты дөңгелек үстел С.Бәйішев атындағы  университетте  ұйымдастырылып  өткізілді. Осы кештің құрметті қонағы ретінде  арнайы шақырылған М.Оспанов  атындағы  БҚМУ-нің  Басқарма төрағасы, ректор  м.ғ.д., Ә.Ә.Қалиев өзінің құттықтау сөзінде:

                 Құрметті Ниетжан Берікұлы!

        Сіз ғасырға  жуық ғұмырыңызда ұлттық тілден қол үзбеген қайраткер  ретінде қазақ қоғамының өткені мен бүгіні жөнінде өзекті мәселелерді ұдайы толғайтын Абыз-қариясыз!

       Сіз ғибратты ғұмыр жолыңыздың 95 жылдық белесіне үлкенге де, жасқа да үлгі болатын адами биік болмысыңызбен жетіп отырсыз. М.Оспанов атындағы  медициналық университеттің мемлекеттік тілде  білім беретін бөліміне арнап  жазған екі томдық кітабыңыз әлі күнге дейін қолдан түспейтін оқулық болып табылады. Ресми  түрде университеттегі сабақтарды мемлекеттік тілде  «сөйлеткен» қажырлы қызметіңіз бен  мемлекеттік тілде білім беруді дамытуға сіңірген еңбегіңіз теңдессіз! Ел игілігі, болашақ  ұлттық медициналық кадрлер  үшін атқарған жемісті жұмысыңыз үшін Сізге алғысымды білдіріп, 95 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін.

      Ғасырлық  ғұмырға  бет алсаңыз да, ғылыми жиын мен конференцияларға, тіл-таным семинарларына қатысып, тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша ой қозғап, үлкен еңбекқорлық пен ұлтжандылықтың  Ұлы үлгісін  көрсетіп келесіз!

Сіздің  ғасырлық тойыңызда кездесейік, ғибратты  ғұмырыңыз баршаға үлгі болсын деген тілек қосамын,  –дей келе,  кеш қонағы Ниетжан Берікұлын университеттің  65 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттап, құттықтау хатын табыс етті.

Салтанатты жиынға  Қ.Жұбанов  атындағы университеттің, Ақтөбе облыстық білім басқармасының, ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысып, мерей той  иесін құттықтады. Алқалы жиынды ұйымдастырып өткізуге мұрындық болған –  Ниетжан Берікұлының барлық мерейтойларының  тұрақты қолдаушысы, мұраттас, рухтас інісі, Баишев университеті президентінің кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор  Бекежан  Ахан.