Ардагер профессор
Бұл адамды сөз еткенде, әріптестерінің жүздері жылып, жанарларынан сыйластықтың, сүйіспеншіліктің нұры жауып тұрады. Расында да, профессор Саруар Дильмагамбетовтың шынайы азаматтық және адами қасиеттері туралы көп айтылады. Өмірдегі тәжірибесі мол, көпті көрген, көпті санасына түйген ағамыз адамгершілік пен ізгіліктің, мейірімділік пен кеңпейілділіктің шынайы үлгісі. Парасатты адам қандай болуы керек – айналасына соны үйрететіндей…
Дильмагамбетов Саруар Нұрғалиұлы Ақтөбе облысы, Алға ауданында 1948 жылдың 30 қазанында дүниеге келді. Дарынды бала Ақтөбе №6 орта мектебін 1966 жылы алтын медальмен бітірді. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультеті (1972) мен аспирантурасын (1976) бітіргеннен бастап осы уақытқа дейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттк медицина университетінде жұмыс жасайды, химия ғылымдарының кандидаты, доцент. 1999ж. конкурс негізінде университет профессоры атағы берілді.
Еңбек жолын ассистенттік міндеттен бастаған Саруар Нұрғалиұлы 2 жылдан кейін аға оқытушы, 1984 жылы доцент қызметіне көтерілді, сол жылы химия кафедрасының жетекшісі міндетін алды. Кафедраға бар күшін салуға тырысып, көптеген жетістіктерге жетті. Әсіресе, топтық зерттеулер жұмыстары керемет өтетін.
1984-2010 жылдар аралығында химиялық пәндер кафедрасының жетекшісі болып қызмет атқарды. Оқу процесін жандандыру, студенттердің білім алуға құштарлығын тудыру мақсатымен, сол кездегі жаңашыл әдістемелерді көп қолданды. Ұстаздарының қолдауымен студенттер зерттеулер жүргізді. Дильмагамбетов С.Н. дәріс беруімен қатар, авторлық топпен бірлесіп, «Биоорганикалық химия» оқу құралын жарыққа шығарды (2008жылы).
2009 жылдың наурыз айынан бастап, Саруар Нұрғалиұлы университеттің сапа қызметін басқарды. Профессор Дильмагамбетов С. өзін жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісінің әдістерін жете меңгерген, жоғары білімді маман, ұжымның білікті жетекшісі ретінде көрсете білді, үнемі өзінің теориялық және әдістемелік білім деңгейін көтеріп отырды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев қалаларының жетекші жоғары оқу орындарында және Марат Оспанов атындағы БҚМУ жанында біліктілік көтеру курстарынан өтті.
Сапа қызметінің жетекшісі ретінде профессор Дильмагамбетов С. сапа менеджменті жүйесін университеттің құрылымдық бөлімшелерінде жетілдіру және оңтайландыру барысында үлкен ұйымдастыру-әдістемелік жұмысын жүргізді: тұжырымдама, саясат, стратегия жасауда, ИСО 9001-2008 ХС және жұмыс берушінің талаптарына сәйкес сапалы мамандарды даярлаудың мақсаттары мен критерийлерін анықтап, оларды барлық оқытушылар мен қызметкерлерге жеткізді.
Көп жылдар бойы Кіші ғылым академиясын басқарды. Студенттік үйірме болды, сонда студенттер ғылыми жұмыстар жасап, көптеген ішкі, республикалық конференцияларға қатысты.
Қызметіне қосымша мектеп оқушыларымен көп жұмыс жасады. Саруар Нұрғалиұлының дайындаған балаларының бәрі облыстық, республикалық олимпиада жеңімпаздары атанды. Халықаралық деңгейде танылып, көбісі Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Осы уақытқа дейін ол қалалық және республикалық олимпиадалар бойынша комиссия құрамына кіреді.
Он жылға жуық Ақтөбе мұғалімдерді жетілдіру институтында дәріс оқыды. Мұғалімдерге 2 тілде сабақ өткізіп,білгенімен бөлісті.
Химия пәнінің оқулықтарын мемлекеттік тілге аударды. Қазақ мектебін бітірген студенттерімізге олар бүгін өте құнды құрал болып табылады: В.А. Попков, С.А. Пузаков. «Жалпы химия:» – оқулық, М.: ГЭОТАР-Медиа, 2014;
Дж.Г.Солвей. «Көрнекі медициналық биохимия» – оқу құралы, М.: ГЭОТАР-Медиа, 2018.
Дильмагамбетов С. университеттің ғылыми кеңесінің, ректораттың, оқу-әдістемелік кеңестің, гигиена бойынша проблемалық комиссиясының мүшесі, жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша циклдық-әдістемелік комиссиясының төрағасы, барлық қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Ол оқу-әдістемелік конференциялардың, семинар және мәжілістердің белсенді қатысушысы: университетте сапа менеджменті жүйесін жетілдіру және оңтайландыру барысында көптеген баяндамалар жасады.
Оқу орнының негізгі көрсеткіші – аккредитациядан, аттестациядан өту. Осы үлкен істі көп жылдар бойы профессор Ділмағамбетов жүргізді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) университетті тексеріп, аттестациялайды. Аттестациялаудан ойдағыдай өту үшін, ҚР БҒМ-ның барлық қағаздарын ретке келтірумен айналысып, кафедралардың, барлық бөлімдердің құжаттарын біріздендіру жұмыстарын қажетті деңгейге келтірді.
Университет қызметкерлері мен студенттері арасында Саруар Нұрғалиұлының беделі сөзсіз. Сондықтан да, көптеген марапаттау белгілері бар, соның ішінде: «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік төс белгілері, ҚР ДСМ «Еңбек ардагері» медалі, А. Байтұрсынов атындағы күміс медаль, т.б. көптеген грамоталар мен сертификаттар.
Тұлғалы, үлкен жүректі ғалым жөнінде әріптестерінің пікірі: «Ол өте қарапайым, парасатты, зиялы, мәдениетті және орасан білімді, адам».