Жауынгер – интернационалистермен кездесу

14 ақпан 2023 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері жауынгер-интернационалистермен кездесті.

Тәрбиелік және тағылымдық мәні зор басқосуға университеттің әскери кафедрасында ұзақ жылдар еңбек еткен, ауған соғысының жауынгер-қатысушылары: отставкадағы подполковник Н.К. Домбровский, отставкадағы аға сержант А.Қ. Джуманов арнайы шақырылды.

Екі ардагер студенттерге ауған соғысы кезінде біздің еліміздің КСРО құрамында болғанын, одақ әскерлерінің ауған соғысына 1979-1989 жылдар аралығында белсенді қатысқанын айтып берді. Әлі күнге әскери қимылдары тоқтамаған Ауған жеріндегі қарулы қақтығыста осы 10 жыл ішінде КСРО 14 433 жауынгерінен айырылды.

Ал, Қазақстаннан ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761 – і опат болды, 21 адам хабарсыз кетті. 1000-нан аса жауынгер түрлі дене жарақатының салдарынан өмірден ерте озды. Бұл соғыстың абырой әпермейтінін түсінген Кеңес үкіметінің басшылары Ауғанстандағы өз әскерін 1989 жылдың 25 ақпанында шығарып болды, – дейді ардагерлер. Отан алдындағы әскери борышын жауынгер-интернационалист ретінде өтеген қос ардагер соғыс кезіндегі оқиғаларды әңгімелеп, әскери тапсырманы орындау кезіндегі өздерінің басынан өткен оқиғаларды айтып берді.

Әсерлі де тағылымды кешті ұйымдастырып өткізген университтеттің әскери кафедрасының оқытушылық-профессорлық құрамы. Оған жетекшілік еткен запастағы подполковник Б.Джумашев. «Үрей соғыстың от жалыны» деп аталған кештің мақсаты -студенттердің бойына туған жерді қорғау, ел іргесінің қауіпсіздігі қағидаттарын ұстану, жауынгерлік дайындықты жауапкершілікпен атқару сияқты патриоттық сезімді күшейту.