Ақтөбелік дәрігерлер Атырауда күрделі оталарға қатысуда
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, танымал акушер-гинеколог дәрігер Дәрібай Жәнібек Жәлелұлы
М. Оспанов атындағы Батыс-Қазақстан медициналық университетінің профессоры, танымал акушер-гинеколог, дәрігер Дәрібай Жәнібек Жәлелұлы Атыраудағы перинаталдық орталықта болып, күрделі ота жасады.
Гинекология саласының білгір маманы Жәнібек Жәлелұлы Атыраудағы сапарының алғашқы күнінде қан кетіп келген жүкті әйелге шұғыл түрде көмек көрсетіп, отаға өзі қатысты.
Жәнібек Жәлелұлының айтуынша, жатырдан қан кету жасқа қарамай орын алуы мүмкін.
– Мұндай патологияның орын алуы – әйелдердің жүктілікті жоспарламауынан болады. Әйелдің босануы асқынусыз өтуі керек. Өйткені, бұл – физиологиялық процесс,- дейді профессор Ж. Дәрібай.
Просфессор анестезиолог-реаниматолог Жұмағалиев Ерлан Кияқұлы екеуі орталықта түске дейін шұғыл түрде осындай екі отаны жасады. Алғашқы ота екінші жүктілігімен келген 27 жастағы пациентке жасалынды. Әйел қант диабетімен және созылмалы артериялық гипертония диагнозымен тіркелген.
Екінші жоспарлы ота жүктілігінің 38 аптасындағы әйелге жасалды. Жүкті әйел төртінші сәбиін кесір тілігі арқылы дүниеге әкелді. Қазіргі уақытта пациенттердің де, сәбилердің де жағдайы қалыпты, дәрігерлер бақылауында.
Ақтөбеден келген дәрігерлер 5 күн бойына практикалық, консультативті- диагностикалық көмек көрсетеді. Яғни, шұғыл күрделі оталарға қатысатын болады.
Дәрігерлер құрамында неонатолог, педиатр, анестезиолог- реаниматолог, балалар хирургы, инфекционист, балалар инфекционисті, акушер-гинекологтар бар.