Волейбол турнирі салтанатты ашылды

Республиканың медициналық жоғарғы оқу орындары арасындағы волейбол турнирінің ашылу салтанаты «Жастар Арена» спорт кешенінде болып өтті. Бұл тек қана қыздар құрама командаларының арасында ұйымдастырылған жарыс. Туринирге Алматы, Семей және Ақтөбе медициналық университеттерінің қыздар тобы қатысуда. Волейбол турнирі ҚР спортына еңбегі сіңген қайраткер, доцент Несибелі Хамитқызы Телеуованы еске алуға арналған.

Жиналғандарды М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің басқарма төрағасы-ректоры, м.ғ.д., профессор Ә.Ә. Қалиев құттықтап, қатысушыларға тартысты ойын, тең бәсекелестік пен айқын жеңіс тіледі. Одан кейін сөз алған, осы салтанатқа арнайы шақырылған Н.Х. Телеуованың ері, ҰҚК отставкадағы полковнигі А.Қ. Телеуов отбасының атынан жарысты ұйымдастырушы университет әкімшілігі мен дене шынықтыру кафедрасының ұжымына өзінің ризашылығын жеткізді.

Ал, Несібелі Хамитқызының бауыры, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің директоры, м.ғ.к., доцент М.Х. Қузбаков оның спортқа деген ерекше ынтасы, жеңіске деген табанды қайсарлығы мен қажыр қайраты туралы шағын естелік айтып берді.

Н.Телеуовамен 40 жылдай бірге еңбек еткен әріптесі, спорт саласының және университеттің ардагері, республикаға танымал жаттықтырушы С.Кнаев оның универстеттің қыздар волейбол командасын республикалық және одақтық, ТМД елдері медициналық оқу орындары арасында жүлделі орындарға жеткізген 37 жылғы еңбегін айтып өтті.

Салтанатты жиынды Н.Телеуованың төл шәкірті, университет түлегі, танымал акушер-гинеколог, Н.У. Сүлейменова ұстазы жайында жан тебірентер естеліктерімен бөлісті.

Салтанатты рәсімнен кейін ойын алаңындағы алғашқы кездесу С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық және біздің университеттің командалары арасында басталды. Жарыстың бас төрешісі – дене шынықтыру кафедрасының оқытушысы Е.М. Әміров.