Ұлттық нейрохирургияның негізін салушы С.Қ. Ақшолақов университетте дәріс оқыды

Университет әкімшілігінің шақыртуымен келген медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың тәжірибелік жұмыс сапары 16-17 наурыз аралығында өтеді. Екі күнгі жоспарда С.Ақшолақов университеттің интерн, нейрохиругия кафедрасының резиденттері, Ақтөбе облысындағы тәжірибелік нейрохирург дәрігерлерге арнап «Ұлттық нейрохирургия орталығының» негізгі бағыттары», ««Мидың қатерлі ісігі», «Ұлттық нейрохирургия орталығында мидың қатерлі ісігін инновациялық емдеу әдістері» тақырыптарында дәріс оқиды. Әрбір дәріс соңынан міндетті түрде пікір алмасу, ой бөлісу жоспарланған.

16.03.2023 ж. Қазақстанның Еңбек Ері С.Қ. Ақшолақовтың алғашқы жұмыс күні жылы шырайлы кездесуден басталды. Басқарма Төрағасы-ректор Ә.Ә.Қалиев кіріспе сөз сөйлеп, жиналғандарды біздің университеттің түлегі, бұл күндері ҚР ҰҒА академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, С.Қ. Ақшолақовтың өмірі мен қызметі жайындағы деректермен таныстырды. Бұл сұхбатта Серік Қуандықұлының қоғам қайраткері ретіндегі «Ұлттық нейрохирургия орталығының» негізін салудағы қажырлы еңбегі де аталды.

Содан соң сөз алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Қуандықұлы кездесуге келгендерге «Ұлттық нейрохирургия орталығының» қызметі жайындағы деректі фильм арқылы таныстырылым жасап, дәріс соңынан интерндер мен нейрохиругия кафедрасының резиденттерінің сұрақтарына жауап берді.

Әлемдік аренада атағы шыққан, Дүние жүзілік денсаулық сақтау саласы бойынша нейрохиругтерінің көшбастаушыларының бірі – С.Қ. Ақшолақов сияқты қоғам қайраткерімен кездесу – алғаш рет ұйымдастырылған игілігікті шара. Мұндай кездесулердің екі жақты маңызы зор, біріншіден университет ұжымы, студенттер мен тәжірибелік дәрігерлер әлемдік атағы бар, әйгілі нейрохиругтың мағыналы да маңызды дәрісін тыңдап, өздерін толғандырған кәсіби сұрақтарына жауап алу мүмкіндігі. Екіншіден, мұндай алқалы жиын алдағы уақытта жалғасын тауып, университет студенттері мен ұжымы басқа да әйгілі тұлғалармен кездесетін болады.

Кездесу соңында, М.Оспанов атындағы БҚМУ Ғылыми Кеңесінің шешімі бойынша (24.02.2023ж.) Қазақстанның Еңбек Ері С.Қ. Ақшолақовқа «Университеттің Құрметті профессоры» атағы берілді.