“Баршаңызға-Денсаулық”

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған облыстық деңгейдегі кең ауқымды іс-шараларға біздің медициналық  орталықтың мамандары да белсене араласты. М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің медициналық орталығының онколог-дәрігері Р.Б. Өтепова мен маммолог маман М.А. Вивтоненко «Қатерлі ісіктің алдын алу» тақырыбында пациенттерге кеңес берді. Ал, құрамында М.Қобыланды, Р.Кулмухан, А.Бакишева және Г.Серикова және т.б. орта буын медицина  мамандарынан құрылған топ осы акцияға арнап, «Денсаулық  бұрышы»  тақырыбы бойынша  түрлі спорттық ойындарға белсене араласты. Денсаулық  акциясы Қобыланды батыр атындағы стадионның «Арбат» алаңында ұйымдастырылды.

7 сәуір 1948 жылы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған күн, содан  бері атап өтіледі. Ұйым әр жыл сайын денсаулық күнінің тақырыбын таңдайды. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, биыл бұл күн «Баршаңызға – Денсаулық» деген ұранмен өтті. Облыс дәрігерлері бұл күні азаматтар денсаулықтың қадір-қасиетін ұғынып, әлем бойынша адам баласының өмір жасын ұзартуға себеп болатын пайдалы әдеттерді насихаттайды.

Бұл акцияның негізі ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасынан туындайтын, Ақтөбе облысы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған «Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыру» (91 тармақ) іс-қимыл жоспары  болып табылады.