Құрметті нәзік жанды әріптестер, оқытушылар, ардагерлер, медицина қызметкерлері және білім алушылар!

Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке өзінің алғашқы саяси маңыздылығын әлдеқашан жоғалтып, шынайы халықтық және ең сүйікті мерекелердің біріне айналды. Бұл күні біз нәзік жандыларға ілтипат білдіріп, құрмет көрсетеміз. Көктем мерекесі әйелдерге деген шынайы құрметтің символы болып табылады. Әйел — өмірдің символы, сұлулықтың қайнар көзі.

 Университетіміздегі қызметкерлердің басым көпшілігі — әйелдер қауымы. Осы орайда оқу орнының дамуы мен өркендеуіне қосып келе жатқан зор үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Денсаулық сақтау және білім беру салаларында еңбек ететін әйелдер жоғары кәсіби жауапкершілік, ерекше мейірімділік, адамдарға қамқорлық, әлеуметтік белсенділікпен және оптимизммен ерекшеленеді. Ардагер ұстаздарымызға да білім беру үдерісіне, кәсіби тұрғыда тәлімгерлікке лайықты үлес қосқандары үшін алғысымды айтамын.

Медицина — бұл ақыл мен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар рухани қасиеттермен ерекшеленетін мәртебелі мамандық. Адам жанының арашашысы болып табылатын Сіздер науқастарға әрдайым жылулық сыйлайсыздар. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз, мамандыққа деген адалдығыңыз — көптеген ер адамдар үшін үлгі-өнеге.

Құрметті әйелдер қауымы! Өзімнің және ректорат атынан университеттің дамуына қосқан үлестеріңіз бен кәсіби қызметтегі және оқу-тәрбие саласында өол жеткізген жоғары жетістіктеріңіз үшін алғыс айтамын.

Көктемнің шуақты күндері Сіздер үшін жақсылыққа толы болсын және көтеріңкі көңіл-күй сыйласын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Әсет ҚАЛИЕВ,

басқарма төрағасы-ректор.