65 жылдық қатпар тарих тағы бір парақпен толықты
«Марат Оспанов» атындағы БҚМУ-нің қабырғасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында «Қалыпты және топографиялық анатомия» кафедрасының жанынан «Микрохирургияның жас ғалымдары» студенттік клубы құрылды.
Клуб жұмысы жұртшылыққа таныстырылып, «Микрохирургияның жас ғалымдары» атты алғашқы ресми шарасын өткізді. Шараға Басқарма төрағасы, Ректордың міндетін атқарушы Исмагулова Эльнара Кереевна, «Жалпы медицина» факультеті деканы Абилов Талгар Сатыбаевич, Университеттің профессорлық оқытушылық құрамы, студенттер қатысты.
«Қалыпты және топографиялық анатомия, оперативті хирургия» кафедрасының жетекшісі, «Микрохирургияның жас ғалымдары» студенттік клубы жетекшісі Рахманов Сапаргали Бекжанович:
«Біздің университетіміздің студенттік потенциалы өте жоғары деңгейде. Бұл сөзіме дәлел – аталмыш клуб студенттердің идеясы негізінде жүзеге асып отыр. Бір жұл бұрын айтылған ұсынысты жан жақты зерделеп, дамытып, бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өзіндік жарғысын, құрамын қалыптастырып тұсауын кесіп отырмыз. Заманауи білім беру стандартының халықаралық деңгейдегі талаптардың бірі, ғылыми компонент ретінде – теориялық және практикалық білім берумен қатар «студенттік ғылым» қатар дамуы шарт. Біздің университетімізде барлық кафедраларда делік студенттік ғылыми үйірмелердің жұмысы жолға қойылған. Бұл үйірмелер студенттерге жан-жақты дамуға, практикалық дағдыларға оқу базасында қалыптасуға, ғылыми жұмыстармен шұғылданып, актуалды тақырыптарға ізденіс жүргізуге мүмкіндік береді. Университетіміздің материялдық техникалық базасы микрохирургиялық эксперименттерге дайын. Неге десеңіз, «Cadaver center» орталығымыз толығымен операциялық блокты имитация жасайды. Кез келген манипулияцияны студенттеріміз оқу-практикалық жұмыс барысында игеруге мүмкіндігі бар. «Микрохирургияның жас ғалымдары» студенттік клубы елімізде әлі күнге зерттеуді қажет ететін, тың ғылыми ізденістерді негізге алған. Алдағы уақытта микрохирургия саласына үлкен серпіліс алып келеріне үлкен сенім білдіремін.»
Кадыров Жандос Жанибекович «Жалпы медицина» факультетінің 5 курс студенті, «Микрохирургияның жас ғалымдары» студенттік клубының старостасы:
«Жақын арада клуб мүшелігіне іріктеу жасайтын боламыз. Іріктеу шарасы 3 этаптан тұрады. Арнайы комиссия отырысы өтіп үміткерлер оқу үлгерімі, теориялық дайындығы арқылы бақ сынайды. Негізінен бұл клуб мүшелігіне 4-5 курс студенттері үміткер бола алады. Себебі олардың морфологиялық және хирургиялық пәндерден базалық білімі, теориялық дайындығы сынға түседі. Алдағы уақытта республикалық деңгейде медицина университеттерімен бірігіп микрохирургиялық дағдыларды зерттеуге қатысты семинар тренингтер ұйымдастыру ойымызда бар.»
Еліміздің денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары емдеудің заманауи тың тәжірбиелерін қалыптастыруға, ғылыми салалар бойынша кадрлар даярлау мен ғылыми бағыттар бойынша зерттеу әдістеріне көңіл бөліп келеді. Университетімізде еліміз бойынша тұңғыш рет бой көтерген «Микрохирургияның жас ғалымдары» студенттік клубы тың жоба, жаңа көзқарас ретінде талай асуды бағындырары сөзсіз. Клиникалық дағдыларды оқу базасында толық игерген маман даярлау бүгінгі күннің қажеттілігі.
65 жылдық тарихи оқу ордасындағы тың бастама, ғылыми бағытқа бет бұрған студенттік ұйым – университет ұжымының Тәуелсіздікке тартуы іспеттес. Елімізде студенттік тұрғыда толық зерттелмеген жұмыстарды, ғылыми теориялық конференцияларға шығару, резолюция қабылдау ұйым мүшелерінің алдағы бағыты болмақ.