Кафедра меңгерушісі аудандық ауруханада шеберлік сағатын өткізді
Көпфункциялы лапароскоп аппараты диагностикалық және емдеу мақсатында қолданылады. Сондай-ақ, бұл аппараттың көмегімен науқастың асқазан, тік ішек сияқты ішкі органдарының шырышты қабатын тікелей көруге де болады-дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №2 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Базылбек Жакиев. Кафедра меңгерушісі мен Ақтөбе облысының бас хирургі Жанәділ Әлмырзаұлының бұл жұмыс сапарында Ойыл аудандық ауруханасында лапароскопиялық құрылғы бойынша шеберлік сағатын өткізілді. Жоғары санатты кәсіби білікті қос дәрігер аудандағы дәрігер әріптестеріне жаңа қондырғыны пайдалану, оның жұмыс істеуі жайында жан-жақты кәсіби түсіндіру жұмыстарын нақты тәжірибе арқылы көрсетіп, үйретті.
Сонымен қатар бұдан былай осы қондырғының көмегімен аудан деңгейінде жасалатын ота түрлерін көбейту, жалпы, науқастарға заманауи медициналық көмек көрсету шараларының сапасын арттыру жайында сөз болды. Кафедра меңгерушісі Б.Жакиев пен облыстың бас оташысы Ж. Әлмырзаұлы шеберлік сағаты шеңберінде жаңа құрылғы арқылы лапароскопиялық ота жасады. Шеберлік сағатына Ойыл аудандық орталық аурухананың бірқатар хирург-дәрігерлері, дәрігер мамандар және орта буын медицина қызметкерлері қатысты.
Енді аудандық оташыларға осы қондырғыны қолданып полип, ет өскіндерін (киста) кесіп алуға, ойық жараларды күйдіру немесе тікелей дәрі беру, жағу арқылы ем-дом жасауға болады. Құны 45 миллион 300 мың теңгені құрайтын заманауи құрылғы ел тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, аудан дәрігерлерінің кәсіби біліктілігіартып, тәжірибесі ұлғаяды дейді облыс орталыған іс сапарда болып оралған кафедра басшысы Б.Жакиев.