Түркістанда ТМД елдері Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің XXXV отырысы өтуде
Алқалы жиынды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті ұйымдастырды.
ТМД елдері Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңес 1992 жылғы 26 маусымда құрылған болатын. Оған – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина елдері мүше.
Мерейтойлық Кеңес жұмысына М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің ректоры, м.ғ.д. Ә.Ә.Қалиев қатысуда.
Қазақстан Республикасы ДСМ төрағалық етуімен өткізіліп отырған бұл Кеңес отырысына ТМД мемлекеттерінің денсаулық сақтау министрлері, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Х.Клуге, жалпы саны 70-ке жуық делегат қатысуда.
Отырысты ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ағымдағы жылы Кеңес аясында 24-тен астам іс-шара өткізіліп, 100-ден астам мәселе қаралғанын, Кеңестің халықаралық ынтымақтастығы медициналық ғылым мен практиканың өзекті мәселелерін шешуде үкіметаралық ұйымдардың, жекелеген медициналық мекемелер мен мамандардың күш-жігерін біріктіру мақсатында Денсаулық сақтау мен медицина ғылымы проблемаларының кең спектрін қамтитынын атап өтті.
“Электрондық денсаулық сақтауды дамыту жақын болашаққа арналған стратегиялық мақсат болып табылады. Осыған байланысты электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін одан әрі дамыту және ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің трансшекаралық өзара іс – қимылын қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігі, оның ішінде телемедициналық консультация жүргізу бөлігінде ерекше мәнге ие болады”, – деп толықтырды ҚР ДСМ басшысы.
Отырыстағы көптеген сұрақтар COVID-19-ға қатысты тақырыптарға арналады, сондай-ақ ұлттық қан қызметтерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, ТМД аймағында тұрақты даму мақсаттарын орындау, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және емдеу, цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті арттыру және т. б. мәселелер талқыланды. Бұдан әрі отырысқа қатысушылар және ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге “ТМД елдерінде денсаулық сақтау қызметкерлері үшін ынталандыратын жұмыс ортасын құру және күйзеліс проблемасын шешу” тақырыбындағы ток-шоуға қатысты. Сонымен қатар, отырыста 2022-2025 жылдарға арналған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдаудың Жол картасы таныстырылды.