Құрметті университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері!

Сіздерді басты мемлекеттік мереке – Отанымыздың Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан халқының өмірінде тарихи оқиға болды – “Тәуелсіздік және мемлекеттік егемендік туралы” Заң қабылданды.

Қазақстан өзінің жаңа тарихын “Тәуелсіз мемлекет” деп жариялаудан бастады. Еліміздің барлық тұрғындары үшін бұл – жай күн емес, бұл – қазақ халқының мызғымас ерік-жігерінің, болашаққа, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылысының символы.

Тәуелсіздіктің арқасында біз өз болашағымызды өзіміз таңдап құруға мүмкіндік алдық. Шынында да, Тәуелсіздік пен теңдік, бостандық пен мәртебе – кез-келген ұлт үшін жоғары құндылықтар болып табылады.

Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың мақсаты – бостандықты алу болды, ал біздің асыл миссиямыз – Егемендіктің негізін сақтау.

​Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде әлемдік қоғамдастық мойындаған заманауи үлгідегі мемлекет, халықаралық және өңірлік ұйымдардың толыққанды мүшесі құрылды.

​Осы жылдар ішінде біздің университетімізде орта медицина қызметкерлерін даярлау бойынша қосымша факультеттер (тіс дәрігері бөлімшесі), санитарлық-гигиеналық, стоматологиялық және фармацевтикалық, біліктілікті арттыру, жоғары оқу орындары аралық әскери кафедра, медицина тарихы мұражайы, ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Біз арнайы “университет” мәртебесіне ие болдық.

​Алғаш рет университеттік клиникалар пайда болды: модульдік отбасылық клиника, заманауи жабдықтармен жабдықталған облыстағы жалғыз кардиохирургиялық орталықтың ашылуымен медициналық орталық, стоматологиялық клиника, 1000 орындық жатақхана, Аққағаз Досжанова атындағы конгресс-холл, “Жастар Арена” спорт кешені, ғылыми-практикалық кітапхана және т. б.

​Білім беру үдерісіне инновациялық әдістер, үш деңгейлі жүйе бойынша дайындық, үштілді білім беру, халықаралық ынтымақтастық енгізілді.

​Қазір мемлекетіміздің тәуелсіздігінің жаңа кезеңі – жаңа Қазақстанның құрылуы басталды. Біздің алдымызда басты мақсат – бәсекеге қабілетті, білім беретін және ғылыми-зерттеу жоғары оқу орны болу міндеті мен университеттің QS 1000+рейтингіне енуі бағдары тұр. Біз жоғары жетістіктер биігіне ұмтыла бермекпіз.

​Баршаңызға зор денсаулық, амандық, бірлік, бейбітшілік, жаңа жетістіктер, жұмыста табыс тілеймін!

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры А.А. Калиев.