Әлия – батыр қызы сен халқымның!

Кеңес Одағының Батыры, қазақ  халқының мақтанышы- Ә.Молдағұлованың  1941-1945 жылдардағы  Ұлы Отан  соғысында  ерлікпен қаза тапқанына   79 жыл толды. Батыр  қызды мәңгі есте  сақтау, оның  ұлт абыройын  асырған қаhармандық ерлігін жас ұрпақтың санасына сіңіру, Әлия Молдағұлованың ерлігін үлгі ету,Әлия бейнесі арқылы  өскелең ұрпақты елжандылыққа, патриотизмге тәрбиелеп, ерлікті дәріптеу және қадір тұту мақсатында жыл сайын   қаңтар айында  еске  алу  іс шарасы  ұйымдастырылады.

Ол 1925 ж. 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Әдияның   сәби шағында қайтыс болады да,  ол аздаған уақыт  ағасының тәрбиесінде болады. 1935 жылдан  бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірген соң Әлия  Молдағұлова  Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай  (1942)  ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 ж.мергендер  дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан  бастап,  54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының мергені болған Әлия  Молдағұлова  22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронтында    60-тан аса неміс әскерлері  мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

Әлия Новосокольники ауданының Манаково ауылында жерленген.

Ә.Молдағұлова  атындағы  облыстық  мемориалды  музейінде  «Құшағына алып жатыр ЖЕР-АНА» атты  дәстүрлі еске алу кеші өткізілді.

Батыр қыздың ерлігіне тағзым етіп, рухына  бас игендер қатарында Ә.Молдағұлованың  Ақтөбе  қаласында  тұратын  тума-туыстары, облыстық мәдениет  мекемелерінің  өкілдері, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің,  Мәлікіждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты,  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің оқытушылары мен студенттері де  болды.  Қатынасушылар  қаһарман  қызды  1 минуттық үнсіздікпен еске  алып, Ә.Молдағұлованың  өмірі мен ерлігі туралы мәліметтермен қанығып, тақырыптық  слайдтарды тамашалады.  № 13 орта мектеп оқушыларының   күшімен  дайындалған, Әлияның  нағашы ағасы Бисембайға жазған хаттарының негізінде  қойылған,  шағын театрландырылған  көрініс  көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар, осы кеште батыр қызға арналған  өлеңдер де  оқылды.  Еске алу кеші  әйгілі  «Әлия»  патриоттық  әнімен аяқталып, Ә. Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтары  қойылды.  М.Оспанов  атындағы БҚМУ  студенттерінің  осы іс-шараға белсене қатысуына  мұрындық болған –  әскери кафедрасының оқытушысы,  запастағы подполковник  Б.А. Джұмашев.

Университеттің  баспасөз қызметі