Наурыз мейрамы тойланды

Унивеситеттегі көктем мерекесі – Наурыз мейрамы «Жастар аренасы» алаңында ұйымдастырылды. Онда ұлттық сипатта нақышталып, жабдықталған киіз үй орнатылып, ұлттық ойындар өтетін жарыс алаңы жасақталды. Аға буын өкілдері жастарға бата беріп, жыл басы – Наурызға арнап, құтты тілектерін жолдады.

БҚМУ-дағы Наурыз мейрамына келген қонақтардың қатарында: м.ғ. д., профессор, ҚР ҰҒА академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, ҚР ДСМ штаттан тыс бас нейрохирургі, Қазақ нейрохирургтары ассоциациясының президенті С.Қ. Ақшолақов; әскери қайраткер, генерал-майор Б.Б. Жанасаев; университеттің ардагерлері, оқытушылық-профессорлық құрамның танымал өкілдері болды.

Наурыз мейрамы меймандардың құттықтау тілегі, ақсақалдардың батасымен басталды. М.Оспанов атындағы БҚМУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Әсет Қалиев жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, Наурыз ынтымақ пен бірліктің мерекесі екенін жеткізді.

Мерекелік концерт арнайы ұйымдастырылған қазақтың ұлттық спорттық ойындарымен жалғасты. Көпшілік назарына арқан тарту, тоғызқұмалаақ, білек күшін сынау т.б. ойындар ұсынылды. Сондай-ақ университеттің өнерлі жастары ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлыстың ұлы күні мерекесіне арнайы шақырылған меймандар киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Университтегі Наурыз мейрамы 14 күні «Көрісу» салтымен басталған еді.