Алғашқы жеңістер

Университеттің футбол командасы Кеңестер Одағы медициналық жоғары оқу орындары арасында өткізілген біріншілікте жалпы есеп бойынша 9-шы орында болды. Бұл 20 команда қатысқан жарыста тым жақсы көрсеткіш болатын. Ал, өзіндік топтар арасынағы жарыста 3-орынға табан тіреді.

Футбол командасының алғашқы мүшелері ойын алаңын өз қолдарымен жасады, көк шалғынды да өздері отырғызып, оны уақытында суарып, қырқып, өздері күтім жасады. АММИ-ның футбол командасы 1988, 1989 жылдары облыстық турнирдің күміс жүлдегері атанды. 1989 жылы шағын футболдан қола жүлдені иеленді. 1991-1992 жылдары ұйымдастырылған қысқы чемпионатта тағы да жеңіс тұғырының екінші сатысына көтеріліп, жеңімпаз атанды.

Тіпті, өңшең кәсіби ойыншылардан құралған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Қ.Жұбанов университеті) командасын да ұтқан кездері болған.

Футбол командасының құрамында болған студенттердің арасынан көптеген танымал мамандар мен медицина саласының мықты басшылары шықты, мысалы, Т.Мусабаев – госпиталь басшысы, полковник, М.Рязанцев–кәсіпкер.

Студенттердің көшбасшы, ұтқыр ұйымдастырушы болып шығуына футбол секциясының да пайдасы тиді. Себебі, спорт ойыншының бойындағы шыдам, төзім, табандылық, намыс атты асыл қасиеттерді шыңдай түседі. Дәрігер–ауруды жеңеді, жеңімпаз, ал, спорт тек жеңімпазарды тәрбиелейді!