Anatomical Museum of the Department of Normal Anatomy of WKSMU – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті


Anatomical Museum of the Department of Normal Anatomy of WKSMU

«Мұражай – бұл ғылыми ойлардың туындайтын орны,
ол студенттерге жұмыс көңіл-күйін туғызуы тиіс…
Сонымен қатар мұражайға
қайта келгісі келетіндей етіп безендірілуі тиіс
профессор А.П.Сорокин


  Қалыпты анатомия кафедрасының жанындағы анатомиялық мұражай 1960 жылдан бастап қызмет етеді. Осы аралықта мұражай университет қабырғасы мен Қазақстанға ғана емес, жақын және алыс шет елдерге де мәлім болды. Университетімізге үнемі ресми делегациялар, мектеп оқушылары, студенттер келіп тұрады және әр келген сапарларында міндетті түрде мұражайға экскурсия жасалады.
   Мұражай тарихы 1957 жылы оны құру туралы шешім қабылданған кездегі кафедралық кездесулердің бірінен басталды. Жұмыс жоспары да сол кезде құрылды, кафедраның әрбір қызметкері: доцент В.В. Морозова, ассистент М.Ш. Баширов, Т.К. Ждан, А.М. Гизатуллина, Г.Ф. Лашин, М.П. Образцова, И.С. Зимник мұражайды ұйымдастыруға белсенді түрде ат салысты. Жұмыс жоспарын ғана басшалыққа алып, мұражай құру мүмкін емес, мұнда ұйымдастырушылардың энтузиазмі, сарқылмайтын күш-қуаты және шығармашылық амал-тәсілдері маңызды. Идеялық шабыт беруші, ұжымды өз идеяларымен баурап алатын адамның болуы аса маңызды, тіптен басты нәрсе болып табылады. Осындай қалыпты анатомия кафедрасының бірінші меңгерушісі, профессор Сорокин Алексей Павлович болды. Мұражайды рәсімдеу бойынша кез-келген ұсыныстар барлық кафедралармен бірге талқыланды, тек содан кейін ғана үздік идеялар іске асырылды.
   Мұражайды бастапқыда екі залдан тірек-қимыл аппаратының мұражайы және ішкі органдар (іргелі) мұражайынан құру жоспарланған болатын.
Мұндай бөлім әлі күнге дейін сақталып келеді. Ғимарат ішінде кафедраға арналған орындар аз бөлінсе де, мұражайға арналып екі кең және жарық залдар бөлінді. Мұражай жиһазын (үстелдер мен шкафтар) жасаған кезде, мұражайды жоспарлау кезінде бұрынғы КСРО-ның жетекші медициналық жоғары оқу орындарының (Мәскеу және Ленинград медициналық институттары) тәжірибелерін пайдаланылды. 1958 жылдың басында Ақтөбедегі әуе кемелерін жөндеу зауытына мұражай жиһазына, «Медициналық оқу құралы» трестіндегі ылғалды препараттарға және танымал Ақтөбелік суретші анатомдардың портретті галереясына тапсырыс берілді.
  1958 жылдың соңында сүйек препараттары таңдап алынып, барлық жағынан қарауға болатын арнайы үстелдерге орнатылды, арнайы бұрандама арқылы қозғалысқа келтіріледі, үстелдің өзі мөлдір пластикалық қалпақпен жабылған.
Әр сүйектің негізгі қалыптасуы латын тілінде таңбаланған және мазмұндалған.
   Экспозициялар анатомия пәнінің оқу жоспарына сәйкес жасалды, соның ішінде жүйелі түрде; мұражай залдарында анатомия тарихы портреттер түрінде ұсынылды, басты кезекте Қайта өрлеу дәуірінің анатомистері Леонардо да Винчи мен Андрей Весалийді (Ақтөбелік суретші Ануар Өтегенов) бейнелейтін суреттер орын алады. Әр түрлі әдістермен жасалынған анатомиялық препараттар: препараттау, инъекция, коррозия, кептіру, бояу және т.б. қойылған. Салыстырмалы және жас ерекшелігі бойынша анатомия экспозициялары бар.
   Айта кету керек, біраз уақыт бойы дымқыл препараттар экспозициясы «Медициналық оқу құралы» трестінен тапсырыс берілген және алынған жинақ ретінде танылды.
  Кафедра қызметкерлері алғашқы күннен дайындық бойынша белсенді жұмыстарды атқара бастады. 1960-1980 жылдары мұражайлық препараттар белсенді түрде толықтырылды. Мұражайда ресейлік жоғары оқу орындарда (медицина ғылымдарының докторы, Г.В. Стельников, А.Г.Кочетков, В.В.Клебанов, В.И. Савельев, ассистенттер В.А. Аношкин, М.П.Образцова), Германияда (доктор Р.Э.Ран және Р.Р.Ран), Израильде (доктор И.Н.Коган); біздің университетімізде (м.ғ.д., профессор Т.Үмбетов, Т.А.Адайбаев, құрметті профессор А.М. Гизатуллина) қызмет ететін танымал ғалымдармен дайындалған препараттар ұсынылады. Ең алғашқы мұражай препараттарын 1959-60 оқу жылында үйірмешілеріміз Г.Ахунова, В.Кокорева, П.Рискин әзірледі.
   Тірек-қимыл аппараты мұражайында сүйек препараттарымен көрсетілген сүйек жүйелері, табиғи ылғалды препараттармен ұсынылған сүйек түйіндері және әр түрлі бұлшықет және бұлшықет мумиялары топтары фрагменттерінен препаратталып ұсынылған бұлшықет жүйесі көрсетілген. Ұзақ кептіру арқылы жасалған өте сирек құрғақ препарат бұлшықет мумиясы мұражайдың мақтанышы болып табылады. Ақтөбе қаласындағы рентген зауытының инженерлерімен мумие кептіруге арналған құрғату камерасы жобаланып, құрастырылды. Мумия 1964-1967 жылдар аралығында ассистент Анатолий Григорьевич Кочетковтың жетекшілігімен студенттер тобымен жасалды.
Негізгі мұражайда ішкі органдар бейнеленген. Көрме шкафтарында 360 табиғи ылғалды препараттар бар, тағы осындай көлемдегі препараттар қоймаларда сақталған. Әр экспонаттың өзінің құрылу тарихы бар, өйткені табиғи препаратты жасау – бұл анатомияны білуді, еңбек сүйгіштік пен табандылықты талап ететін ауыр жұмыс.
   2002 жылдан бастап мұражайда профессор А.М.Гизатуллиннің жетекшілігімен студенттерден құралған қалпына келтіру тобы жұмыс жасайды; олардың мақсаты мұражайда бар препараттарды сақтап қалу болып табылады. Алғашқы үйірмеші-реставраторлар 2002-2003 жылдар аралығындағы емдеу факультетінің студенттері М.Досқали (515), Р.Досмағамбетова (112), Е.Гришукова (114), М.Әлиев (106) болды; 2005-2007 жылдары жедел оқытудағы емдеу факультетінің 322 топ студенттері М.Мамышева, М. Кузовкова, И.Хакимов, Ж.Ким, Д. Гаева, А. Таранов өте белсенді жұмыс атқарды. Барлығы да университетімізді сәтті бітіріп, дипломдарын алып, дәрігерлерлік қызметте қызмет етеді.
Негізгі мұражай жөндеуден өткеннен кейін (2010-2011 жж.) мұражай препараттарын дайындау ісі қайта жаңартылды; осы кезеңде препараттар дайындайтын белсенді студенттердің қатарында Н. Ешниязов (510 емдеу), Г. Кенжалиев (406 емдеу), И. Бисенов (ЖМ 201а), М. Алиева (ЖМ 221б), Т.Галата (ЖМ 218б), И.Спивак (ЖМ 217а) болды. Олар мұражайлық препараттармен мұражай жинағын толықтырды.
Қазіргі уақытта «Анатом» ҰҚК қалпына келтіру бөлімінде 15 адамнан құралған I-V курс студенттері жұмыс жасайды. Осылайша, оқытушылар мен студенттердің үлкен жасағы мұражайымыздың құрылуына және белсенді өміріне ат салысты.
   Біздің мұражай – бұл оқу процесіне қойылатын ресми талаптар ғана емес. 50 жылдан астам уақыт бойы ол барлық қала жастарына тәрбиелілік, бағдарлы жұмыс жүргізіп келеді. Мұражай қала оқушылары мен студенттері арасында кеңінен танымал, үнемі өз қалаулары бойынша мұражайға барлық сыныптарымен және топтарымен келеді.
  Мұражай экспозициялары, оның рәсімделуі мен экскурсия жетекшілерінің кәсібилігі жөнінде пікірлер өте жоғары: Дүниежүзілік сараптама комиссиясының мүшесі, Даниялық профессор Джорген Нуступ: «Препараттар оқу процесіне қосымша боларлықтай, бай әрі бірегей топтама».
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұлов: «Мұражай осыншама қызықты, ақпаратты, ғылыми және білімді бола алады деп ешқашан ойлаған емеспін. Жарайсыздар!».
  Қ.Жұбанов атындағы АМУ-нің 4 курс студенті Екатерина Грибовская: «Медициналық емес оқу орындарының студенттері үшін М.Оспанов атындағы медицина университетінің анатомиялық мұражайы ерекше қызығушылық туғызады, өйткені мұражайға қойылған барлық мүмкін болатын препараттармен көрсетілген адам өзінің дене құрылысы туралы, адам ағзасының барлық егжей-тегжейлі және ерекшеліктері туралы көп білгісі келеді. Әсіресе экскурсия жетекшісінің бұлшықет мумиясы мен оның жасалу тарихы туралы айтылған әңгімесі маған өте ұнады. Көрсетілімге қойылған ылғалды препараттардың үлкен жиынтығы мені әртүрлілігімен таң қалдырды. Осының бәрін жасауға және сақтап қалуға көп күш жұмсалған болуы керек. Осындай мұражайларға барған маған өте қызық және танымдық ақпарат аламын». Алена Марченко, Ақтөбе қ., №25 орта мектептің 10 сынып оқушысы: «Қаламыздағы көрнекті орындардың бірі – анатомиялық мұражай. Мұражайдан кейін көп әсер алдым. Біздің назарымызға көптеген әртүрлі экспонаттар ұсынылды. Ең есте қалғаны – туа біткен патологиясы бар балалар мен ауырған адамдардың органдары. Бізге зиян әдеттердің ағзаға тигізетін ауыр әсерлері туралы әңгімелеп берілді және олардың нәтижесін анық көрсетті. Көптеген қызықты да пайдалы ақпараттарды көріп-білуге мүмкіндік туғызған мұражай қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді».
   «Жалпы медицина» факультетінің 321 «Б» тобының студенті Мерей Алиева: «Мен анатомиялық мұражайға 1 курста, адам анатомиясы курсын оқуды бастамай тұрып барған болатынмын. Мұражайда мені қызықтырған препаратталған тамыр, жүйке, бұлшық еттер сияқты дымқыл препараттар болды, ал ең ерекше таң қалдырған бұл коррозиялық препараттар еді.
Медицинадан хабары жоқ адамға бронх ағашын немесе бауырдың қан тамырлар желісін түрлі-түсті «бұтақшалар» арасынан табу қиын болады. Мұражайда болғаннан кейін анатомияны зерттеуге деген зор қызығушылық туды. Қазір мен 3 курс студентімін және анантомиялық үйірмеде ерекше ықыласпен жұмыс жасаймын, осы уақытқа дейін бір мұражай препаратын дайындап та үлгердім».
2010-2012 жылдар аралығында мұражай қызық, жаңа жұмыстармен толықтырылды, оның ішінде формалинсіз бекіту арқылы препараттау әдісімен жасалған препараттарды атай кету керек, ол – ми және жүрек тамыр артериясы препараты, сондай-ақ, самай сүйегі пирамидасынан алынған  «Дыбыс сүйектері» препараты. Жыныстық ерекшеліктерді және бас сүйегі құрылымының нұсқаларын көрсететін бас сүйегінің экспозициясы дайындалды.
   Марат Оспанов атындағы БҚММУ-дың қалыпты анатомия кафедрасының анатомиялық мұражайының қалыптасу тарихы – бұл оқытушылар мен студенттердің қолымен жасалған ғылыми зерттеулер мен оқудағы күш-жігерлерінің үлгісі. Мұражайдың «қазіргі заманға лайықталуына» қарамастан, Андрей Везалия және Леонардо да Винчи заманының рухы сақталып қалды; студенттер мен қызметкерлер «Hiсlocusest, ubimorsgaudetsuccuraevitae» («Мұнда өлім (өлілер) өмірде көмектесуге қуанышты) деген ежелгі адамдардың сөздерін есте сақтап, құлақ асады.
Анатомиялық мұражайымыздың өз құндылықтары бар. Бұл «имидж» сәнді түсінігіне кіретін нәрсе ғана емес, ол – мәдениет, білім және ғылым процесіндегі жаңалықтардың көрсетілімі, білімнің қайнар көзі. Осының бәрі біздің кафедраның және жалпы университеттің мақтанышын тудырады.