Жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасындағы онлайн ашық сабақ
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінің оқытушысы, магистр Сақыпова Дана «Жалпы медицина» мамандығының 113Б тобына ашық тәжірибелік сабағы өтті.
Сабақтың тақырыбы «Деректерді талдау. Деректерді басқару», мақсаты – Google Кесте онлайн кестелер қосымшасында сандық деректерді өңдеуді үйрету болды.
Сабақ ZOOM платформасында Google Disk бұлттық сервисін, EasyTestMaker онлайн тесттер құру бағдарламаларын пайдаланып өткізілді.
Білімді бақылауға арналған тест тапсырмалары, бақылау сұрақтары, сәйкестендіру тапсырмалары EasyTestMaker бағдарламасында әзірленді. Тақырыпты түсіндіру мақсатында Youtube каналына оқытушы түсірген видео жүктеліп, студенттерге сілтеме арқылы жіберілді.
Компьютерде орындалатын тәжірибелік жұмысты студенттер Google Кесте онлайн кестелер қосымшасында орындады. Бұл бағдарламаның артықшылықтары – оқытушы студенттің тапсырманы орындау барысын онлайн қадағалап отыра алады және студенттерге топпен жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
Сабақ барысында студенттер топтарға бөлініп Google Кестеде бір-біріне рұқсат ашу арқылы бірлесе отырып, жағдаяттық есептерді шығарды.
Оқытушы студенттердің тапсырмаларды орындауын онлайн режимде бақылап, жіберілген қателерді түзетіп және туындаған сұрақтарға жауап беріп отырды. Ашық сабаққа УКДО доценті М.А.Башбаева және басқа кафедралардың оқытушылары да қатысты.Тапсырмаларды орындау кезінде студенттердің жаңа бағдарламалық технологияларды еркін меңгергендері байқалды. Сабақ соңында студенттердің тапсырмаларды орындауы, тест және бақылау сұрақтарының нәтижелері қорытындыланып, бағаланды.