Аллергология мәселелері талқыланды

Ақтөбе қаласында “Аллергология мен иммунологияның өзекті мәселелері” атты Халықаралық ғылыми-практикалык онлайн конференция өткізілді.

Конференцияны ұйымдастырушылар: Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті, Қазақстан Республикасының аллергологтары мен клиникалық иммунологтар қауымдастығы, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы, ШЖҚ МКК «Ақтөбе медициналық орталығы». Конференция жұмысына 505 дәрігер, оның ішінде ғалымдар, практикалық денсаулық сақтау мамандары, Қазақстан, Ресей, Польша, Украина медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар, магистранттар және жас ғалымдар қатысты. Конференцияда 25 баяндама ұсынылды: пленарлық отырыста 13 баяндама және секциялар шеңберінде – 12 баяндама.

Конференцияны өткізудің мақсаты иммунология мен аллергологияның өзекті мәселелерін жариялау, іргелі және клиникалық зерттеулердің соңғы нәтижелерімен танысу, аллергология мен иммунология саласындағы қазіргі заманғы жетістіктерді практикалық денсаулық сақтау проблемаларымен және аллергиялық ауруларды, оның ішінде COVID-19 пандемиясы жағдайында диагностикалаудың, алдын алудың және емдеудің жаңа тәсілдерімен интеграциялауға байланысты мәселелерді талқылау болды. Конференцияда әлемде және Қазақстанда пандемия кезеңінде түрлі елдердің коронавирустық инфекциямен күресу тәжірибесі ұсынылды.

Конференцияға қатысушылар аллергология және клиникалық иммунологияның ең өзекті және маңызды мәселелерін, дифференциалды диагностика мен терапиялық тактиканың инновациялық тәсілдерін қозғайтын баяндамалар мен хабарламалардың ғылыми-практикалық маңыздылығын атап өтті.

Конференция жұмысы барысында келесі мәселелер қамтылды: дәрілік аллергияны диагностикалау, емдеу және алдын-алу критерийлері, зертханалық аллергодиагностиканы жақсарту мәселелері мен жолдары, Сovid-19 пандемиясы жағдайында бронх демікпесі бар науқастарды емдеу (GINA-ның 2020 жылғы ұсыныстарын ескере отырып), бронх демікпесін бақылауды жақсартудың заманауи шешімдері, педиатриядағы аллергиялық жағдайлар мәселелері.

Секция отырысы барысында Қазақстан мен әлемдегі пандемия кезеңінде коронавируспен күрес тәжірибесін, SARS COV 2 вирусының эпидемиологиялық маңыздылығын, жаңа Сovid-19 коронавирусынан туындаған пандемия ағымының ерекшеліктерін, балалық шақтағы коронавирустық инфекцияның клиникалық ерекшеліктерінің тәжірибесін жалпылау жүргізілді.