”Ядролық қару-әлем қасіреті”

14 қазан күні Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, “Қоғамдық-гуманитарлық пәндер” кафедрасының ұйымдастырумен ”Ядролық қару-әлем қасіреті” тақырыбына арналған онлайн конференция өтті.

Шараны өткізудегі негізгі мақсат-студенттердің әлеуметтік белсенділігін арттыру, ядролық қарудан азат бейбіт өмір қалыптастыру, зардап шегушілердің әлеуметтік белсенділігін және қоғамға араласуын арттыру.
“Жалпы медицина” факультетінің 1 курс 102 топ студенттері Алламбергенова Рано, Сағынтай Айнұр Семей ядролық полигонында 1949-1991 жылдар аралығындағы жүргізілген сынақтар жабылғаннан кейінде Қазақстанның экожүйесіне елеулі зиян келтіріп жатқанын талқылады. Сонымен қатар ең өткір екі жаһандық проблема: климаттың өзгеруі мен ядролық соғыс қаупі-адамзаттың өмір сүруі мен әл-ауқатына экзистенциалды қатер төндіретіні, бір-біріне қауіпті түрде әсер ететіндігі баяндалды.
Тек Семей ғана емес Ақтөбе облысы Байғанин аймағы ядролық жарылыстардың қасіретін көрген өлке. ”Қалдайбек қасіреті” туралы қоғамдық-гуманитарлық кафедрасының аға оқытушысы Шәмші Бауыржан Исаұлы полигонмен іргелес елді мекен тұрғындарының денсаулығы, түрлі ауру-сырқаулардың көбеюі, жұртшылықты дүр сілкіндірген ел тарихының қайғылы парақтарына талдау жасады.
Батыс Қазақстанда 1966-1979 жылдар аралығында 24 рет қару сыналған. Соның ішінде “Азғыр” полигонын көзімен көрген, табиғи экожүйелердің жарамсыздығы, медицинадағы ұшан-теңіз зардаптар, мылтықсыз майданның құрбандары туралы профессор рентгенолог, радиолог дәрігер Шахимов Еркін Шахимұлы конференция барысында сөз етті.
Сынақтың адамзатқа тигізген қайғы қасіреті, жан төзгісіз азап пен жан айқайы жер-анамыздан әлі күңіреп естіліп тұрғандай. Атом бомбасы-орасан зор зиян мен қасірет әкелетін жойқын қару, алайда атом бомбалары үлкен соғыстың алдын алады. Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы С.С. Кумыспаев ядролық қарудың негізгі мақсаттары мемлекет территориясын, теңіз және әуе күштерін ауқымды шабуылдардан қорғау, халықаралық деңгейдегі рөлі, қаруды бейбіт бағытта пайдалану, ғылымның дамуына үлесі секілді мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Шара соңында қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Б.А Молдин өз пікірін білдіріп, студенттерді алғыс хатпен марапаттады.