Ұлттық денсаулық сақтау саласын дамыту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында атап өткендей Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыру мақсатында Атырау облыстық Әкімдігінің және Атырау облыстық Денсаулық сақтау Басқармасының қолдауымен Атырау өңірінде «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау қаласындағы филиалын ашу ісі қолға алынды.
2021 жылдың 24 желтоқсан айында Атырау жоғары медициналық колледжі базасында ашылу салтанатына Атырау жоғары медициналық колледжі мен Атырау облысының медициналық ұйымдарының басшылары және дәрігер-резиденттер мен олардың тәлімгерлері қатысты. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдувалиев пен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Басқармасының төрағасы-ректор міндетін атқарушы медицина ғылымдарының докторы, профессор Эльнара Керейқызы Исмагулова құттықтау сөз сөйлеп, филиалдың жұмысына сәттілік тіледі. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдувалиев пен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Басқармасының төрағасы-ректор міндетін атқарушы медицина ғылымдарының докторы, профессор Эльнара Керейқызы Исмагулова «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау қаласындағы филиалының ашылу лентасын қиды. Салтанатты шарадан кейін медициналық ұйым басшылары және дәрігер-резиденттер мен тәлімгерлері Атырау жоғары медициналық колледжінің мұражайында колледж тарихымен, «Пирогов» интерактивті анатомиялық үстелімен және де Өңірлік мейіргер ісін дамыту симуляциялық жаттығу орталығында болып, соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен және робот-манекендермен, жүрек-өкпе реанимациясы залының жұмыстарын көріп, Атырау жоғары медициналық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, конференциямен жалғасын тапты. Конференцияға қатысушы бас дәрігерлер сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Атырау облыстық ауруханасы, Атырау облыстық балалар ауруханасы, №2 Атырау облыстық ауруханасы, Атырау облыстық перинаталды орталық, Атырау облыстық кардиологиялық орталық, Атырау қалалық №7 емханасының бас дәрігерлері ментәлімгерлері Эльнара Керейқызына жұмыс барысында көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, дәрігер-резиденттердің білімі және тәжірибе барысында үйреніп жатқан практикалық дағдылары, облысымыздағы медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі туралы қызу талқыланды. Атырау облыстық балалар ауруханасының бас дәрігер Айтмұхамбетов Нұрқабыл Әбуұлы: Эльнара Керейқызы! Атырау облыстық балалар ауруханасында тәжірибеден өтіп жатқан реаниматолог-анестезиолог -резиденттер тәжірибе жүзінде үйренуге ынталары өте жоғары, біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс жасап келеміз. Сізге бір өтінішім бар, біздің облысымызда педиатрлар, неонатологтар жетіспейді, міне осы мамандықтар бойынша дәрігер-резиденттерді дайындауды арттыруға қолдау жасауыңызды сұраймыз деп сөзін аяқтады.
Атырау қалалық перзентхана бас дәрігері Дюсупова Гулзейнеп Суюнгалиқызы: Эльнара Керейқызы! Мен бүгінгі кездесуімізді пайдаланып облысымыздағы акушер-гинеколог мамандарының да жетіспеушілігін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта бұл мамандар өте қажет. Дәргер-резиденттерді дайындауда акушерия-гинекология мамандығы бойынша резиденттерді көптеп Атырау облысына жіберсеңіздер деген өтініш айтамын.
№2 Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігер міндетін атқарушы Ергалиева Надя Атшығалиқызы: Эльнара Керейқызы! Батыс Қазақстан медицина университетінің дәрігер-резиденттерді облыстарға жолдағандарыңыздың көп көмегі тиді. Еліміздегі пандемия кезінде дәрігер-резиденттер өз тарапынан тәжірибе жинақтаса, жұқпалы ауруханада және модульдік аурухана дәрігерлермен қоян-қолтық еңбек етіп, өз істеріне жауапты білімді маман ретінде көріне білді. Сіздерге өзімнің және ұжымның атынан алғысымызды білдіреміз.
Атырау облыстық штаттан тыс реаниматолог-анестезиологы Кадиров Жангелді Есенжанұлы: Қазіргі таңда Атырау облысында 1, 2, 3 курстарда оқып жатқан дәрігер-резиденттердің ішінде 22 реаниматолог-анестезиолог резидент бар. Оның ішінде Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен грант бөлінген 14 дәрігер-резидент оқып, тәжірибеден өтуде.
Дәрігер-резидент Джайлаубаева Фариза Ерболқызы өз кезегінде резиденттердің атынан білім беру ұйымына және қазіргі таңда еңбек етіп жатқан медициналық ұйым басшылары мен тәлімгерлеріне ризашылығын білдірді.
Батыс Қазақстан медицина университеті Басқармасының төрағасы-ректор міндетін атқарушы Исмагулова Эльнара Керейқызы: резидентураның 90 пайызы тәжірибе болса, 10 пайызын оқып білім алу құрайды. Оқу жүйесі кредиттік бағдарламамен жүреді. Бес мың студентке 551 оқытушымыз бар. Медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы жетіспейді. Сондықтан дәрігер-резиденттерге деген сұраныс барлық салада болып отыр дей келе филиал жұмысына сәттілік тіледі.
Сөз соңында Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байдувалиев Асхан Мархабайұлы: Атырау облысында 1,2,3, курста оқып жатқан 36 резидент тәжірибеден өтіп, еңбек етуде. Оларға 13 тәлімгер жетекшілік етіп бағыт бағдар беріп келеді. Қазіргі таңда облысымызды медицина саласындағы күрделі мәселелердің бірі жоғары білімді мамандардың жетіспеушілігін жою және резиденттердің оқып білікті де білімді маман иелері болуы жөніндегі сұрақтар қозғалып, шешімін табуға үлкен қадам жасалды деп ойлаймын.
Асхан Мархабайұлы Эльнара Керейқызына және конференцияға қатысушыларға, Атырау өңірінде «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау қаласындағы филиалының ашылу салтанатын жоғары ұйымдастырушылықпен өткізген Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры Лаура Жақсыгелдіқызына алғысын білдіре отырып, Батыс Қазақстан медицина университеті мен Атырау облыстық Денсаулық басқармасы мен денсаулық сақтау ұйымдары және дәрігер-резиденттер тығыз байланыста жұмыс жасап, еліміздің медицина саласының дамуына өз үлесімізді қосамыз деп сөзін аяқтады.