Біз сіздермен мақтанамыз!
Республикалық «Үздік ғылыми қызметкер2021» конкурсында біздің университеттен екі бірдей маман жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК, яғни 5 млн 834 мың теңге көлемінде куәлік пен сыйақы алды. Университеттің 65 жылдығы қарсаңында сүйінші жаңалықты ұжымға тарту еткендер м.ғ.д., профессор А.Мамырбаев және ғылыми жұмыстар жөніндегі департаменттің басшысы м.ғ.к. А.М.Баспақова.
Ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлерін көтермелеу мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып өткізген 2021 жылдың «Үздік ғылыми қызметкер» конкурсында ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 575 өтінім келіп түсті. Конкурсқа қатысушылардың арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды.
Жақында Астанада өткен «Үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміні А.М.Баспақова қатысып, министрдің қолынан атамыш марапатын алып оралды. Лауреаттарға төсбелгілер мен сертификаттарды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады. Құжаттарды тексеру комиссиясының құрамына сарапшылар, ғалымдар, ғылым академиясының өкілдері, Жас ғалымдар кеңесі және Жас ғалымдар альянсы мүшелері, ғылыми ұйымдардың мүшелері енді.