Жемқорлыққа жол жабық

Университеттің 65-жылдық мерейтойына орай, мамыр айының 13-ші жұлдызында тілдер кафедрасының аға оқытушысы А.А.Купенованың ұйымдастыруымен «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты: қоғамның әр-түрлі орталарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын – алу, профилактикалық жұмыстарын насихаттау; сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарды негізге ала отырып, құқықтық мағлұмат беру, білімдерін дағдыландыру; саяси өмірден хабардар жеке тұлғаны қалыптастыра отырып, студенттердің еркін сөйлеуіне, қоғамға деген өз ой – пікірлерімен санасуға жағдай жасау, Ата заңды құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеу.

Шараның бас қонағы ретінде Ақтөбе облыстық «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Серікжанов Қуанышбек Серікжанұлы және Әлеуметтік-психологиялық қолдау бөлімінің психологы, университеттік «Таза сессия» штабының маманы Алмахан Алтынай Алмаханқызы қатысты.

Сонымен қатар, шараға тілдер кафедрасының жетекшісі А.С.Мустояпова, кураторлар кеңесінің төрағасы Ж.А.Нұрбаева, кафедра оқытушылары және 200-ден астам «Жалпы медицина», «Стоматология» факультеттерінің студенттері қатысты. Кездесу барысында студенттер шақырылған қонақтарға көкейтесті сұрақтарын қойып, қажетті ақпараттар алды. Шараның белсенді қатысушылары «Жалпы медицина» факультетінің 111-ші топ студенттері тақырыпқа байланысты презентациялар мен видеосюжет көрсетіп, кездесу кешін «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» деген ұранмен, флешмобпен аяқтады.

Өткізілген шара тыңдаушыларға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс түсінуіне, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына мол септігін тигізіп, ой салатындығы анық.