Намаз Ізімбергенов
Намаз Ізімбергенов (25 желтоқсан 1937 жылы туған, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, Ащымұрын-Сарытас ауылы – 5 желтоқсан 2019 жылы қайтыс болған, Ақтөбе қаласы) – ғалым, медицина ғыл. докт. (1978), профессор (1982), Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі (2004), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1998).
Өмірбаяны
1956 жылы Форт-Шевченко қаласындағы С.М. Киров атындағы орта мектепті бітірген.
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Батыс Қазақстан медицина академиясы) бітірген (1964).
Сол институттағы госпитальдық хирургия кафедрасының клиникалық ординатурасында оқиды (1964-66).
КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Орталық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының аспиранты (1966 – 69).
1966 жылдан қазіргі Батыс Қазақстан медицина академиясында ассистент, доцент және кафедра меңгерушісі (1979 жылдан).
Еңбектері
Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары бауыр-өт жолдарының ауруларын емдеу, жедел хирург. ауруларды емдеу тәжірибесінде соңғы эндовидеоскопиялық әдістерді тиімді пайдалану жолдарына арналған.
Ізімбергенов іш қуысының жедел ауруларының іріңді асқынуларының алдын алу, тиімді емдеу әдістерін жетілдірді. Бауыр-өт жолдарына жасаған операциядан кейін бауыр жетіспеушілігінің жаңа жүйесін, алдын алу және тиімді емдеу әдістерін (ішек-қарынға оттек, озон ерітінділерін жіберу, әсерлі дәрілерді кіндік тамыр арқылы тікелей бауырға құю, т.б.) ұсынды.
Іш қуысының іріңді қабынумен (перитонит) асқынған ауруларын емдеудің ашық әдістерін, іш қуысын операциядан кейінгі кезде жуып-тазалаудың лапароскоп. әдістерін тәжірибеге енгізді. Ізімбергенов Қазақстанда тұңғыш рет озон ерітінділерін ішек бойына, көктамырға құю әдісін тәжірибеге енгізді. Бала жолдасының (плацента) емдік әсерін зерттеп, оны пайдалануға негізделген бірнеше жаңа ем әдістерін ашты.
Қазір медицинаның этикалық-деонт. мәселелерімен айналысады. 17 патент пен куәліктің иегері, 200-ден астам ғылыми еңбектері және 5 монографиясы, қазақ тілінде студенттерге арналған оқу құралдары, хирургиялық терминдердің орысша-қазақша сөздігі, дәрігерлерге арналған хирургиялық нұсқаулары жарық көрді. Оның жетекшілігімен 5 докторлық және 27 кандидаттық диссертация қорғалды.