Марат Оспанов: Ұстаз, Саясаткер, Ғалым.
13 қыркүйек күні Марат Оспанов атындағы БҚМУ-ң 65 жылдығы аясында қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Марат Оспанов -Ұстаз, Саясаткер, Ғалым» атты танымдық іс-шара өтті.
Бұл шара ҚР Парламентінің алғашқы Спикері, танымал мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық экономика ғылымдары академиясының академигі, Марат Оспановтың өмір жолы мен еліміздің тәуелсіз дамуы және егемен мемлекет ретінде қалыптасуы үшін жасаған еңбегін насихаттау мен танып-білуге арналды. Шара саяси тұлғаның еңбегі мен өмір жолын баяндайтын деректі фильммен басталды.
Алғы сөз алған университеттің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, м.ғ.д, Э.К. Исмагулова Марат Тұрдыбекұлының білікті оқытушы, биік тұлғалы азамат болғанын баяндай келе, осындай ғасыр тұлғасының есімімен аталатын оқу орнында білім алу – үлкен абырой екенін айтты. Кафедраның аға оқытушылары С. Күмыспаев, М. Ерғалиев Марат Оспанов заман тудырған тұлға екендігін, біздің егеменді, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында, еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының теориясы мен басқарылуына қосқан зор үлесін және есімі берілген оқу орнында бірнеше жыл бірге қызмет жасағанын айтып өтті. Сонымен қатар ол еңбектеріндегі саяси, экономикалық, әлеуметтік болжамдарына жан-жақты талдау жасап, әсіресе қиын кездерде де Марат Тұрдыбекұлы халық мүддесін жоғары қоятын, журналисттерге ашық сұхбат беретін, демократияшыл азамат болғанын айтып өтті.
Танымдық шараны қорытындылаған қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының жетекшісі, т.ғ.к Ж.Т. Төлепбергени өз баяндамасында Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқан саясаткердің еңбектерін және барлық уақытта «Тұрақтылықтан – өсімге» қағидатын ұстанған тұлға болғанын атады.
Аталған шара өте тартымды, танымды болды. Кеш модераторы Б.А. Молдин Тұңғыш Спикер Марат Оспановтай, ел үшін еңбек еткен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын, алдағы уақытта да бүгінгідей ақпараттық-танымдық шаралардың болатынын хабарлады.