Стоматологтардың I Халықаралық съезі
06.10.22ж. Марат Оспанов атындағы БҚМУ-де Қазақстан Республикасы стоматологтарының I Халықаралық съезі өз жұмысын бастады. «Стоматологиядағы инновациялар: бүгін, ертең» атты алқалы жиынды басқарма мүшесі, ректор м.а., клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, м.ғ.к., Н.М. Мусин ашып, съезд делегаттарын құттықтап, жиын жұмысына сәттілік тіледі.
Стоматологтар съезіне арнайы шақырылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас стоматологы Н.Д. Бектұрғанова тіс саулығы мамандарының замануи жетістіктерге қол созып, инновациялық технологияны халық игілігіне жарату жайында келелі пікір білдірді.
Съездтің Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Польша, Израиль мемлекеттеріндегі стоматолог-ғалымдары, дәрігерлері заманауи стоматологияның өзекті мәселелерін талқылап, өз ара тәжірибе алмасады. Бағдарлама бойынша түстен кейін съезд жұмысы сессиялық бағытта жалғасады.
07.10.22 ж. жиынның екінші күні ҚР ДСМ ҰКҚО Басқарма төрағасының орынбасары, дәрігер анестезиолог-реаниматолог (BLS) Ғ.Р. Ағыбаев, «Базалық реанимация» тақырыбы бойынша тәжірибелік шеберлік сағатын өткізеді.
Сонымен қатар, университеттің клиникалық базасы – стоматологиялық клиникада «Балалар стоматологиялық практикасындағы жүйелі асқынулар” тақырыбында дәрігер Б.С. Жаналина да өзінің шеберлік сағатын ұйымдастырады.
Тағы бір шеберлік сағаты Ақтөбе қаласындағы “Dental-Centre” стоматологиялық клиникасының базасында жоғары санатты дәрігер С.Э. Ешованың жетекшілігімен өтеді.