Университеттің клиникалық құрылымын дамыту мәселелері талқыланды
24.11.2022ж. М.Оспанов атындағы БҚМУ Ғылыми кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Клиникалық жұмыстар жөніндегі құрылымдардың 2021-2022 жылы атқарған жұмыстары», «Университет дамуының 2022 жылға арналған жоспарының орындалуы» сынды тақырыптар тыңдалып, талқыланды.
Ғылыми кеңес өз жұмысын әдеттегідей құттықтаулардан бастады. Бүгінгі отырысқа арнайы қатысқан «Дәрігерлер мен провизорлардың» Ақтөбе облыстық Ассоциациясының директоры Р.Истлеуова университеттің бірқатар оқытушылық құрамы мен ардагерлерін оқу ордасының 65 жылдығымен құттықтап, Т.Бегалинді «Ассоциацияның ардагері», Ә.Қойшыбаевты «Пирогов», М.Ізтілеуовты «Ардақты ардагер» медалдарымен марапаттады. Сонымен қатар, басқарма төрағасы-ректор Ә.Қалиев университеттің бірқатар қызметкерлеріне мерейтойлық медаль табыс етті.
Негізгі баяндаманы клиникалық жұмысар жөніндегі проректор Н. Мусин мен басқарма мүшесі, атқарушы директор Е.Ш. Жиеналин жасады.
Проректор Ғылыми кеңесте клиникалық құрылымдарда атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, қатысушыларды осы емдеу-сауықтыру бағытындағы бағдарламамен таныстырды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқу ордасының клиникалық жұмыстарын жаңа сатыға көтеру.
Ғылыми кеңесте алға қойған мақсатты іске асыру үшін бірнеше міндет айқындалды. Басқарма төрағасы – ректор Ә.Қалиев негізгі міндет – университеттің клиникалық жұмыстарының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиімді корпоративтік басқару моделін құру мәселесіне кеңінен тоқталды. Ректор, бұған қоса, университеттің құрылымдық бөлімшелері арасындағы байланысты жақсарту қажеттілігіне де басымдық берілуі тиіс, – деп, атап көрсетті.
Ғылыми кеңесте, сондай-ақ, «Университет дамуының 2022 жылға арналған жоспарының орындалуы» қаралды. Спикер Е.Жиеналиннің баяндамасында бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ол кеңеске қатысушыларды университеттің коммуникациялық құрылымында атқарылатын бірнеше әлеуметтік жаңа жобалармен таныстырды. Оның айтуынша, экономикалық тиімділікті арттырып, коммуналдық шығындарды азайту мақсатында университеттің клиникалық базалары мен жатақханадары және құрылымдық бөлімшелері үшін жеке жылу қазандығын орнату жұмыстары қолға алынбақшы. Сонымен қатар, сумен қамтамасыз етуде орталық су жүйесіне тәуелділіктен арылу мен қаражатты тиімді қолдану үшін жеке ауыз су құдығы қазылатын болады. Осы аталған ірі коммуналдық жұмыстардың қазіргі уақытта құрылыс-сметалық құжаттары дайындалуда. Тиісті ресми рұхсат құжаттары түгелденген.
Бұған қоса, кезекті Ғылыми кеңес барысында басқару көмегімен университет қызметін ұлғайту мәселесі, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, оқу ордасының абырой-беделін нығайтып, шығындарды азайту туралы да айтылды.
Ғылыми кеңесті қорытындылай келе, басқарма төрағасы – ректор Әсет Қалиев бәсекелестік, жаһандық құбылыстар сынды тәуекелдер мен университет алдында туындайтын жаңа мүмкіндіктерге терең талдаулар жасап, бар инфрақұрылымды сараптауды тапсырды. Сөз соңында, ол жиналғандарды 65-жылдық мерей тоймен құттықтап, оған дайындықты дәйекті түрде жүргізуді пысықтады.