Ақтөбеде м.ғ.д., профессор Қ.Құдайбергеновке ескерткіш тақта орнатылды
2022 жылғы 2-желтоқсан сағат 9.00-де универсиететтің 65-жылдығы аясында Облыстық перинаталдық орталықта (Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабы-1, 471Б) профессор, м.ғ.д., Қ.Қ. Құдайбергеновке арналған мемориалдық ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің Басқарма Төрағасы-ректор, м.ғ.д., профессор Ә.Ә. Қалиев сөз сөйледі. Әсет Әскерұлы өз сөзінде м.ғ.д., профессор Қапа Құдайбергенұлының Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы, оның ішінде гинекология мен акушерия ісі бойынша сіңірген іргелі істері мен зор еңбегі жайында айтып берді. Одан кейін сөз алған Қапа Құайбергеновтың ұлы, м.ғ.д., республикалық гинекологиялық-акушерлік, перинаталдық ғылыми зерттеу орталығының директоры Талғат Қапаұлы өз сөзінде Облыстық перинаталдық орталығы мен университет ұжымына осы іске мұрындық болғаны үшін өз ризалығын білдірді.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметіне м.ғ.к., белгілі гинеколог, еңбек ардагері Н.А. Алтынбеков пен Т.Қ. Құдайбергенов ие болды. Ескерткіш тақтаның ашылуына жиналған облыстық перинаталдық орталығы және М.Оспанов атындағы университет ұжымының атынан гүл шоқтары қойылды. Мемориалдық ескерткіш тақтаның ашылуына мұрындық болған М.Оспанов атындағы БҚМУ әкімшілігі және 65-жылдық мерейтойды ұйымдастыру жөніндегі комитет. Ресми іс-шараға мерей тойға шақырылған отандық және шет елдік өкілдер де қатысты.
Өмірдеректік анықтама: Қапа Құдайбергенұлы Құдайбергенов 15 наурыз 1937 жылы Ақтөбе облысы Хромтау ауданында дүниеге келген. Ол – медицина ғылымдарының докторы, профессор. 1964 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысы, Арал ауруханасында дәрігер ретінде бастаған. 1970-1983 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Жалпы саны 20-дан астам ғылыми жарияланымның авторы. Қ.Құдайбергеновтің негізгі ғылыми еңбектері акушерлік және гинекология мәселелеріне арналған. Кәсіби білімділігіне қоса, парасатты, мейірімді, әріптестеріне сыйлы тұлға.