Университет мақтанышы

Марат Оспанов атындағы БҚМУ-дың 65-жылдық мерекесінің салтанатты жиынында басқарма төрағасы-ректор, м.ғ.д., профессор Ә.Ә. Қалиев – «Университет мақтанышы» медалімен универстеттің А.Ғиният, Ж.А.Досқалиев, С.Қ.Ақшолақов, Р.С.Көзденбаева, С.Ф.Беркімбаев, И.Т.Салжанов сияқты әйгілі түлектерін марапаттады.

Арнайы медальге ие болған Көзденбаева Раиса Салмаганбетқызы – фармаколог-ғалым, ҚР Ұлттық академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері; фармакологтардың жеке мектебінің негізін қалаушы, “Қазақстан Республикасының дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы құралдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы” фармакологиялық орталығының директоры. 30 өнертабыстың, бірнеше монографияның, 500-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. 1994 жылы Р.Күзденбаеваның басшылығымен жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысының жаңа бағытын әзірлеу басталды, нәтижесінде 11 түпнұсқа фитопрепарат алынды: «мия майы», «қалақай майы», «шукур май» полифитті майы және т.б. Ақтөбе мединститутын 1965 жыды бітірген.

Ақшолақов Серік Қуандықұлы – қазақстандық нейрохирург-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы,профессор, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Ұлттық нейрохирургия орталығының» Басқарма төрағасы, . Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі . Ақтөбе мединститутын 1975 жылы бітірген.

Ғиният Ажар Ғинияткызы – ҚР Денсаулық сақтау министрі. 2008-2017 жылдары — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы, департамент директоры.2017 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медицина орталығы басшысының орынбасары қызметін атқарды.2020-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі.2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды. Отандық денсаулық саласына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Ақтөбе мединститутын 1992 жылы бітірген.

Елеуов Ғалымжан Алмасбекұлы – ҚР Мәжілісінің депутаты. Еңбек жолын 2002 жылы Ақтөбе қаласындағы № 2 қалалық емхананың дәрігер-хирургі болып бастап, аймақтағы медицина саласына зор үлесін қосып келеді. 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы “Дару клиникасы” оңалту медициналық орталығын, 2018 жылы “Көз Жарығы “клиникасы” офтальмологиялық орталығын ашты. 2016-2021 жылдары Елеуов Ғ. А. Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болып сайланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Жомарт жан” төсбелгісінің иегері.М.Оспанов атындағыБатыс Қазақстан медициналық академиясын2001ж. бітірген.

Жақсылық Ақмырзаұлы Досқалиев – медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР МҒА академигі. Қазақстан Республикасы бұрынғы денсаулық сақтау министрi.ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденімен, М.Ломоносов орденімен және «Гипократ» орденімен марапатталған. 200-ден астам ғылыми еңбектің, 12 монографияның, 50-ден астам өнертабыстың авторы. 1998 жылдан 2000 жылдың тамыз айына дейін Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясының ректоры болып қызмет атқарды. 2013 жылдан бастап Республикалық трансплантация орталығын басқарады. . Ақтөбе мединститутын 1979 жылы бітірген.

Беркімбаев Сәлім Фахатұлы – медицина ғылымдарының докторы. 1979-1983 жылдар аралығында Ақтөбе қаласында дәрігер болып жұмыс атқарып, 1983-1995 жылдары медицина институтының ординаторы, 1986 жылы аспирант ассистенті, кейін кафедра меңгерушісі болған. Кандидаттық және докторлық диссертациялары жүрек ауруларын емдеудің жаңа әдістерін зерттеу мәселелеріне арналған. Өнертапқыштық үш ұсынысы өндіріске енгізілген. Баспасөзде 50 еңбегі жарияланған. 2001-2008 жылдары университеттің ректоры қызметін абыройлы атқарды. 1979 Ақтөбе медицина институтын бітірген.

Исламбек Төлеубайұлы Салжанов – қазақстандық кәсіпкер, республикалық ірі көлемдегі әлеуметтік жобалардың демеушісі, меценат және қоғам қайраткері. Ұйымшылдық таланты мен еңбекқорлық арқасында жас кезінен жетістіктерге қол жеткізген. 1993жылы – «Мақсат Капитал» ШЖК-н құрады. 1998 – 2000 жж. «AKZHOL» Қазақстан-герман бірлескен кәсіпорнының тең құрылтайшысы және директоры, 2000 – 2001жж. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Казахойл-Продактс» ЖШС-нің директоры, 2001– 2004 жж. «AKZHOL» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры болып еңбек етеді. 2004 жылдан осы уақытқа дейін «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры. Ақтөбе мединститутын 1993 жылы бітірген.