Басқарма Төрағасы – Ректор студенттермен кездесті

Болашақ әріптеспен пікірлесу, ой алмасу, ортақ тақырып талқылау және мәселені шешу жолдары. Міне, 14.12.2022ж. өткен алқалы бас қосуда осы сұрақтар талқыланды. Кездесуге 5-курс студенттері шақырылды.

Кездесудің басты спикері Басқарма Төрағасы – Ректор, м.ғ.д., профессор Ә.Ә. Қалиев ең алдымен студенттерді білім беру бағдарламасындағы оқу мерзіміне қатысты ерекшеліктер және айырмашылықтармен таныстырды. Ғылыми және тәжірибелік бағыттардың негізін кеңінен түсіндірді. Болашағын медициналық ғылым жолына арнағысы келгендер үшін білім алу талабын түсіндіріп, емдеу ісіне араласатындар үшін тәжірибелік жұмыстың маңызы мен мәніне тоқталды. Университетте бүгінгі таңда 28 мамандық бойынша резидентурада білім беру бағдарламасы бар. Жаңадан пульмонология, ревматология, нефрология, ангиохирургия, барлығы – 14 мамандық бойынша оқу бағдарламасы дайындалуда. Аталған мамандықтардың үміткерлерінің резидентурада оқу мүмкіндігі жасалады. Бекітілген 56 мамандық бойынша еңбек етуге болады. Басқарма Төрағасы – Ректор өз сөзінде университеттің де кадрге деген сұранысына кеңінен тоқталды. Мысалы, патологиялық анатомия, онкология, отбасылық медицина, топографиялық анатомия т.б. Сондықтан да, келешегін ғылыми ізденіске арнап, университет қабырғасындағы қызметін ұстаздықпен ұштастырғысы келген ғылыми үйірмелердің, оқудың үздік үміткерлері үшін әкімшілік тарапынан түрлі бағыттағы қолдау шаралары да болады-деді спикер. Сонымен қатар, екі жақты жауапкершілік те құқықтық-нормативтік тұрғыда қамтамасыз етілетін болады. Бұл – «Университет үміті» атты арнайы жобаның негізгі түсіндірмесі, 2023 жылдың ақпан айында нақты нұсқа ұсынылады деп күтілуде. Басты талаптың бірі – ағылшын тілін жетік игеру.

Кездесудің екінші бөлімі алдын ала студенттер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына арналды. Клиникалық базаларда туындаған тұрмыстық, әлеуметтік, қауіпсіздік бағытындағы сұраныстардың 98%-ы шешілген. Бұл жаңартулар №1 оқу ғимаратында, медициналық орталықта толық аяқталды, қалған ғимараттар мен базаларда аяқталу деңгейінде. Білім беру үдерісін заманауи инновациялық технологиямен қамту және жаңарту бағытында интерактивті тақталардың 3 түрі микробиология, химия және фармакология кафедраларында тәжірибелік сынақтан өткізілуде. Ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, бұл технологияны кең қолданысқа енгізу үшін арнайы қаражат бюджетте қарастырылған.

Ең көп түскен сауалдың бірі – оқу бөлмелері, жатақханалардағы жылу, ыстық сумен қамту мәселесі. Коммуналдық мәселе турасында арнайы сараптама жүргізілуде, дегенмен, уақытша жылыту шаралары қолға алынды. Алдағы жылы бұл мәселе түбегейлі шешілетін болады, оған мүмкіндік бар.

Қордаланған сұрақ – студенттердің ауқанттануы. Бұл мәселені шешу бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы тендер өткізіліп, ұтыс иесімен келісімшарт жасалды. Он күннің шеңберінде медициналық орталықта, оқу ғимарттарында қызметтік-студенттік қолжетімді асхана өз жұмысын жандандыратын болады.

Оқу бағдарламасына тәжірибелік жұмыстардың көптеп енгізілуі жөніндегі сұрақ бойынша студенттердің клиникалық базаларда тәжірибелік ем-дом дағдыларын терең игеруі, оталарға белсене қатысым жайында еш кедергі болмайды, тәжірибелік дағды орталығының материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылады деп сендірді Басқарма Төрағасы – Ректор. 2023-2025 жылдары дербес 3 қатарлы озық үлгідегі тәжірибелік дағды орталығы ашылады. Ал, алдағы оқу жылында студенттер орталықта 6-шы классты боди-маникен, түрлі үстел т.б инновациялық технологияларды қолданатын болады, бұл бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Университет дамуының стратегиялық жоспарына сәйкес, медициналық орталық, отбасылық медицина және стоматологиялық клиникалардың салынуы, күрделі жөндеуі, қосымша құрылыстары мақсатында сметалық-жобалық құжаттары жасақталуда.

Мұғалім таңдау – бүгінгі күннің талабы мен тренді. Бұл өтінішіті қанағаттандыру үшін сапалы профессорлық-оқытушылық құрамды қалыптастыру, оларға жоғары еңбекақы төлеу, талапқа сай жабдықталған оқу аудиториялары, жетілдірілген ақпараттық жүйе қалыптастыру керек. Сауалнаманы қорытындылай келе, студенттер тарапынан түскен ұсыныстар мен талап-тілектердің қараусыз, ескерусіз қалмайтынын баса айтты – Басқарма төрағасы-Ректор.

Кездесудің үшінші бөлімінде студенттер «еркін микрофон» арқылы өз сауалдарын жолдап, оған тиісті жауаптарын алды.