Қыс маусымында көп кездесетін аурулар
Менингит – өте қатерлі ми ауруы. Менингококк инфекциясы қыста және ерте көктемде өршиді. Көбiне, бұл ауру түрі суықтан пайда болатын ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Инфекция ауа-тамшы арқылы, яғни жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде жұғады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Иммундық жүйесінің қалыптаспауына байланысты бес жасқа дейінгі балалар онымен жиі ауырады.
Менингит белгілері: бастың қатты ауыруы, шөлдеу мен құсу, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бозару, тәбеттің төмендеуі, бөртпе, әлсіздік, арқа және аяқ қолдың ауыруы.
Белгілердің бірі байқалса міндетті түрде дәрігерге жүгінген жөн. Аурудың тұмау, баспа, тонзиллит сияқты зиянсыз ауруларға ұқсап, жеңіл өтуі мүмкін, сондықтан өте қауіпті.
Бұл дерттен қорғану үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керек, сондай-ақ, суықтамау және ауа-райына қарай киіну керек. Жеке гигиена ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстану қажет.