IX Халықаралық ғылыми конференцияға қатысу
Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында «Биология, медицина және фармацияның даму перспективалары» тақырыбында жас ғалымдар мен студенттердің IX халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференция Әбуәли Ибн Сина атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп өткізілді, және Қазақстанның, шет елдердің барлық университеттері қамтылды. Конференцияда медицина мен фармацевтика саласындағы заманауи зерттеулердің өзекті бағыттары және солардың шешімдерін іздеу мәселелері талқыланды.
Біздің университет студенттерінің баяндамалары халықаралық конференцияда лайықты назарға алынды. Жалпы медицина факультетінің 2 курс студенттері «XXI ғасырдағы қоғамдық денсаулық» секциясына қатысып, секцияға қатысқан 40 қатысушының арасынан «ЕҢ ҮЗДІК БАЯНДАМА» номинациясымен марапатталды, сонымен қатар, баяндама барысында көрсетілген презентацияның сапасы мен студенттердің болашақ мамандықтарына деген қызығушылығының жоғары деңгейі аталды.
Аға оқытушы, пс.ғ.м. Дүйсенова Айнаш Алдабергеновна жетекшілігімен университетіміздің студенттері Жетес Ақгүл мен Иниятова Қымбаттың ғылыми жұмыстары «Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің іс-әрекетінің құрылымындағы коммуникативті дағдылар мен коммуникативтік құзыреттілікті арттыру жолдары» тақырыбында болды. Жұмыстың мақсаты – денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің коммуникативтік құзыреттілігін арттыру жолдарын зерттеу болды.
Зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтер денсаулық сақтау саласындағы коммуникативті құзыретті қызметкерлердің санын арттыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар, студенттердің – болашақ дәрігерлердің коммуникативті құзыреттілігінің бірыңғай моделін қалыптастыруға негіз болады.