БҚМУ жетекші мамандары жұмыс сапарымен Атырау облысына келді

21.02.2023ж. университеттің жетекші мамандарынан құралған бейінді топ Атырау облысысындағы жұмыс сапарын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы және атыраулық дәрігерлермен кездесуден бастады.

Алқалы жиында Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдәулиев жиналғандарға жұмыс сапарымен келген мамандарды таныстырып, сапар мақсатына тоқталып, жоспарланған іс-шаралар ретін хабарлап өтті.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің бейінді мамандары атынан сөз алған топ жетекшісі М.С. Курмангазин:

– Елімізде соңғы уақытта «қызылша» және «гепатит» аурулары тағы бас көтеріп, ел тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып тұр. Ауырғандар саны артып отыр, осы жағдайға орай жұқпалы аурулардың алдын-алу, сақтандыру шараларын арттыру қажет.Сапар барысында орталықтағы және шалғай аудандардағы әріптестемен клиникалық және тәжірибелік бағытта пікір алмасып, бірлескен шаралар атқарылады,-деді.

Ақтөбелік хирург, инфекционист, невропатолог, педиатр-неонотолог, акушер-гинеколог, реаниматолог мамандар Атырау облыстық балалар ауруханасы, №2 Атырау облыстық ауруханасы, облыстық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және №7 қалалық емханадағы жоспарланған іс шараларды атқаруға жедел кірісіп кетті.