Алғыс күні ардагерлер ардақталды
1 наурыз – Алғыс айту күні университет әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы университеттің бір топ ардагерлерін ықылас, құрмет, ізгілік мерекесімен құттықтап, алғыс айтты. Бұл ардагерлердің әрқайсысы жоо-ның әр кезеңдегі өсу, қалыптасу, даму жылдарында өздерінің сүбелі үлесін қосқан жандар.
Олардың арасында осы күнге дейін еңбек етіп жүрген ардагер-зейнеткерлер де бар, мысалы, №2 ішкі аурулар кафедрасының офис-менеджері А.Е. Тукашева, химия пәндері кафедрасының профессоры С.Дильмагамбетов, қалыпты физиология кафедрасының оқытушысы М.Ж. Алмаханова, №2 акушерлік және гинекологиялық кафедраның профессоры С.Н. Рыжкова бар.
«Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында университет Қазақстанның игілігі жолында еңбек етіп жүрген лайықты ұл-қыздарды тәрбиелеп шығарды. Олар Сіздердің жолыңызды қуып, медицина ғылымында, білімінде, емдеу ісінде ірі табыстарға қол жеткізіп жүр. Ұжым атынан өлшеусіз еңбектеріңіз, бір емес, бірнеше ұрпаққа берген білімдеріңіз, үйреткен тәжірибелік істеріңіз және жастарды тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз», – делінген жедел құттықтауда.
Туған жерінің, оның білім және емдеу ісі саласының игілігі үшін адал еңбек еткен жандарға арнайы құттықтау хаты мен шағын сыйлық тарту етілді.