Мереке күніңмен!
Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Университеттің басқарма төрағасы – ректоры Әсет Қалиев әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы, университеттің білім беру, емдеу және ғылым жолындағы орнын айрықша атап өтті.
Шара барысында университет дамуына үлес қосқан көптеген оқытушы, қызметкерлер мен техникалық жұмысшы әйелдер марапатталды. Олардың ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандары бар.
«Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен мемлекеттік құпияны сақтау бөлімінің жетекшісі Н.И. Романова марапатталды. Он алты қыз-келіншек Құрмет грамотасына ие болды, олардың арасында: оқытушы, дәрігер, мейірбике, кеңсе қызметкерлері мен жұмысшылар да бар. Университеттің табысына өздерінің жеке үлесін қосып жүрген оқытушы, ассистент, дизайнер және студенттердің бір тобы ректордың Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, университет басшысының бұйрығымен білім ордасындағы барлық ханымдарға мерекеге орай ақшалай сыйақы берілді. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Университеттің студенттері дайындаған мерекелік концерт ретро стильде ерекше түр-сипатта өтіп, аналар, арулар, бойжеткендер қауымына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазіргі уақытта унивеситеттің оқытушы-профессорлық құрамында 343 қыз-келіншек табысты жұмыс атқарады. Олар жалпы ғалымдар санының 30 пайызын құрайды. Оның ішінде 9 ғылым докторы, 74 ғылым кандидаты, 18 PhD докторы бар.