Бас жүлде-жолдама!
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, университет сахнасына қайтып оралған «Екі жұлдыз» шоу бағдарламасының жеңімпаздары анықталды.
Өнер жарысының бас бәйгесі – Гран-Приді Айдана Әділбекқызы мен Насимов Ильяс иеленді. Әділ қазылар алқасы бір ауыздан осындай ұйғарым шығарды да, оларға «Щучинск» санаторийіне жолдама ұсынды. Шоу-бағдарламаның қалған қатысушыларының өнерлері де бағаланды:
«Танцор диско» аталымы Айбасова Жұлдыз бен Аманжол Назеркенің жұбына берілді. Сисенова Жадыра мен Аяулым — «Өнерлі жұп» аталымына ие болды. «Көрермен көзайымы» аталымына Жаңабергенова Гүлашқан мен Раджанның өнер жұбы «лайық», – деп танылды. «Ең жарқын көрініс» аталымы Темірбаева Әсем мен Сарбасова Әдеміге бұйырды.
Ерекше атап өту керек, вокал-ән жарысында қатысушы жұптың бәрі жанды дауыста ән орындады. Бұл оларды шын мәнінде әділ бағалаудың негізі болды. Әсерлі шоудың тағы бір ұтымды тұсы – ән-би жанрларының театрландырылған көріністерімен көркемделгендігі.
«Екі жұлдыз – VI» шоу-бағдарламасын ұйымдастырып, өткізген – университатеттің студенттік кәсіподақ комитеті мен “SENIM” Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіп одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы.
Араға 5 жыл салып, қайта оралған «Екі жұлдыз-2023» – рахмет саған, көктемнің көгілдір кешін көңілді еткенің үшін!
Қош келдің, біз сені күтудеміз, «Екі жұлдыз-2024»!