Университет ұжымы сенбілікке қатысты
Көктемгі екіайлық санитарлық-экологиялық сенбілікке шыққан ұжым мүшелері оқу ғимараттары орналасқан аймақтарда тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Олардың күшімен қаланың Маресьев-Пацаев, Маресьев-А.Досжанова, Маресьев-Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы аумақтар, шағын сквер-аллеялар мен Маресьев көшесінің бойы тазалаланды.
Сенбілікке оқытушылық-профессорлық құрам, университеттің құрамдас бөлімдерінің қызметкерлері мен мамандары шықты. Мақсат – оқу ғимараттары, клиникалық базалары, әскери кафедра орналасқан төңіректерді күл-қоқыстан арылтып, ретке келтіру.
Сенбі күннің ызғырық желді болып, қара суық тұрғанына қарамастан тазалық күніне біраз адам жиналды. Олардың бірі тырмамен гүлзарды тазалап, жапырақтарды жинаса, тағы бірі жиналған қоқыстарды қапқа салып жатты, тал-теректің түптерін қопсытты. Қоқыс соншалықты көп емес, негізінен үзілген жапырақтар мен желге ұшқан қағаз қалдықтары мен ұсақ-түйек қиқым. Себебі, университеттің аумағында тазалық жұмыстары күнделікті тыңғылықты атқарылады.
Шара барысында қалалық полигонға аттандыру үшін қоқыс салынған қапшықтар белгіленген орындарға жиыстырылды. Тиісті мекеме оны қалдық полигонына жеткізетін болады.