Ғылыми-тәжірибелік конференция
25 сәуір 2023жылы А.Досжанова атындағы конференц-холлда «МЕЙІРБИКЕЛІК ТЕХНОЛОГИЯЛАР: ИННОВАЦИЯЛАР, ТӘЖІРИБЕГЕ ЕНГІЗУ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастайды. Конференция жұмысына Үндістан, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен және Қазақстанның 17 облысынан орта буын медицина саласының өкілдері қатысады.
Бұл жиын 12 мамыр Халықаралық мейірбикелер күніне арналған. “Primary Health Care” Ұлттық Қауымдастығының Президенті, м.ғ.д., Т.Қ. Рахыпбеков, ҚР ДСМ Ғылым және адам ресурстары департаменті мейіргер ісін дамыту басқармасының бас сарапшысы А.С. Наурузбаева, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Судха Рани Гупта конференция тақырыбын талқылауға қатысады, – деп, күтілуде. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Мәншүк Мәметова атындағы Жоғары Ақтөбе медициналық колледжі, Бәйішев Ақтөбе қаласының жоғары медициналық колледжінің өкілдері де қатысып, тақырып талқылауға белсене араласатын болады.
Университеттің базасында «Сервистік дизайн мысалында сапалы мейіргерлік зерттеулер», «Мейірбике ісін басқару – сапа стандарттарын енгізу», «Мейіргер ісіндегі стресс пен эмоционалды күйзелістің алдын алу» тақырыптары бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, конференция делегаттары Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықтағы орта буын медицина мамандары жұмысының ұйымдастырылуы мен үйлестіру қызметімен танысады. Конференция шеңберінде Бәйішев медициналық колледжінің базасында клиникалық таныстырылым ұйымдастырылады. М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің отбасылық клиникасындағы мейірбике ісінің үлгілі қызметі конференция делегаттарына тәжірибелік сынып ретінде көрсетілетін болады.
Ұйымдастырушылар: Ақтөбе орта медицина қызметкерлерінің қауымдастығы, «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, Мейірбике ісін жетілдіру орталығы, Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау кафедрасы.
Іс-шараның негізгі мақсаты: тәжірибе алмасу, мейірбике ісінің өзекті мәселелерін талқылау, проблемаларды анықтау және оларды шешу жолдарын анықтау.