Университеттің құрметті наградасы – озат қызметкерге!
Университет басшылығының шақыртуымен университетіміздің бұрынғы түлегі, акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Т.М. Үкібасова келген еді.Арнайы шақыртумен келген Талшын Мұқадисқызы университеттің перинаталды орталығы қызметкерлерімен, студенттер, резиденттер және жас ғалымдармен жүздесіп, толғандырып жүрген барлық сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.
ZOOM режимінде онлайн-трансляцияда екі рет табысты сұхбат жүргізіп, өзекті тақырыпта дәріс оқыды.Құттықтау сөзінде «Марат Оспанов атындағы БҚМУ Басқарма төрағасы-ректор Ә.Қалиев құрметті профессорға, шақыруды қабыл алып, университеттің практикалық денсаулық сақтау саласына, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттеріне шеберлік сабақтарын жүргізіп, сапалы дәріс өткізгені үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, университет ректоры профессор Т.М. Үкібасованың гинекологиядағы лапароскопиялық және гистероскопиялық операциялардың әдістерін Ақтөбе облысында ғана емес, Қазақстанда алғаш рет тәжірибеге енгізудегі сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жүктілік пен босануды басқарудың тиімді перинаталдық технологиялары мен балалар гинекологиясында дене мүшелерін сақтайтын лапароскопиялық операциялар және хирургиялық араласулардың басқа әдістерін алғаш енгізгендердің бірі екендігіне, т.б. еңбектеріне тоқталды.
Мұндай тәжірибелі, білікті мамандармен кездесулер жас ғалымдар мен студенттердің жақсы маман болып қалыптасуына үлкен ықпал ететінін атап өтті. Кездесу соңында университет ректоры, м.ғ.д., профессор Ә.Қалиев құрметті профессор Т.М. Үкібасованы «Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, зор денсаулық тілей отырып, алдағы ана мен әйел, адамдар денсаулығын сақтау жолындағы қиындығы мен алғысы мол істерде кәсіби табысқа жетуіне тілектестік танытып, бұдан әрі де бірлесіп жемісті еңбек етуге сенім артты.Жиынға қатысушылар Талшын Мұқадисовнаға үлкен қошемет көрсетті.