Университет музейінің жаңа экспозициясы

Бүгін, 28 мамырда М.Оспанов атындағы БҚМУ музейінде «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның бірінші және қазіргі басқарма төрағасы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері Серік Қуандықұлы Ақшолақовқа арналған экспозицияның ашылуы өтті.

Экспозицияның ашылуына С.Қ. Ақшолақов, облыс әкімі Е.Л. Тоғжанов, университет ұжымы және медицина қауымы қатысты.

Академик Серік Қуандықұлының құрметіне экспозиция ашылуы кездейсоқ емес. Ол облысымыздың тумасы, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының 1975 жылғы үздік түлегі, дәрігер-травматолог мамандығын таңдап, Ақтөбе облыстық ауруханасында клиникалық ординатурадан өткен.

Серік Қуандықұлының Қазақстанның нейрохирургиялық қызметінің қалыптасуы мен дамуына және ми мен жұлынға аса күрделі операцияларды жасау жолында қосқан үлесі орасан.

Экспозицияның жоғарғы маңдай тұсына С.Ақшолақовтың «Төзім мен еңбек алматын асуы жоқ» деген нақыл сөзі алтын әріптермен жазылып, монографиялары, дипломдар, марапаттау құжаттарының көшірмелері, фотосуреттер және т.б.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өз құттықтауында С.Ақшолақовтың еліміздің нейрохирургиялық қызметін дамытуға қосқан жоғары үлесін атап өтті. «Серік Қуандықұлы нейрохирургияның көрнекті тұлғасы, есімі елімізде ғана емес, алыс шетелдерге де кеңінен танымал аты аңызға айналған тұлға. Қазақстанда алғаш рет микронейрохирургия, эндоскопиялық нейрохирургия, эпилепсияны хирургиялық емдеу, қолданбалы нейронавигация негіздерін енгізді. С.Ақшолақов құрған Ұлттық орталық қазақстандықтарға, алыс-жақын шетелдерден келген науқастарға нейрохирургиялық көмектің толық кешенін көрсетумен қатар өңірлерге заманауи технологияларды тасымалдауда. Серік Ақшолақов Ақтөбе облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы», – деді аймақ басшысы. Облыс әкімі астаналық қонаққа естелік сыйлық табыс етті.

С.Ақшолақовтың университетте бірге оқыған группаласы Ж.Жәнтікенов бірлесе оқыған жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Серік Ақшолақов музейге арнайы экспозиция ашқаны үшін университет басшылығына алғысын білдіріп, университеттің белсенді студентіне 1 000 000 теңгенің сертификатын табыс етті. Бекітілген стипендияның иегері оны бір жыл ішінде алады.

Мереке қонақтары үшін университет ректоры А.Қалиев М.Оспанов атындағы БҚМУ мұражайына экскурсия жүргізді.

Шара соңында профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Еңбек Ері Серік Ақшолақов Музейдің құрмет кітабына өз тілектерін жазып, қолтағбасын қалдырды.

Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың кәсіби жолы, өмірлік ұстанымы, салауатты өмір салты біздің студенттерге, резиденттерге, докторанттарға лайықты үлгі.

С.Қ. Ақшолақов құрметіне арналған экспозицияның ашылуы ұрпақтар сабақтастығы дәстүрінің лайықты нышаны, университетіміздің даңқты түлегіне деген алғыс пен құрмет. Университет деңгейінің жоғары көрсеткіші.