Республикалық терминологиялық конференция
2023 жылдың 13 қазанында Аққағаз Досжанова атындағы Конгресс-холлда «Хирургия саласындағы қазақ терминдерін жасау мәселелері» атты Республикалық терминологиялық конференция өтті.
Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Аппаратының басшысы, Терминологиялық комиссияның төрағасы Әбділдин Б.С., Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Т. Мұқаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдангорова А.А., Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Әкімшілік департаменті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы және Қазақстанның барлық медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік және қоғамдық органдардың, білім беру жүйесі өкілдерінің, қазақстандық ғалымдардың қатысуымен осындай конференцияларды өткізу дәстүрі қаралып отырған күн тәртібінің маңыздылығын айғақтайды.
Басқарма төрағасы – «Марат Оспанов атындағы БҚМУ» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.А. Қалиев өз құттықтау сөзінде атап өткендей, мұндай конференцияларды тұрақты түрде өткізіп тұрудың медициналық кадрларды даярлауда кәсіби деңгейін көтеруде маңызы зор. Медициналық терминдерді адекватты түрде аудару, оларды қазіргі тіл мен заң нормаларына, тілдік ерекшеліктеріне сәйкестендіру ұдайы мұқият жұмыстануды қажет етеді.
Медициналық кадрларды дайындау сапасы көбінесе білім беру жүйесіне байланысты. Студенттерге қазақ тілінде жақсы білім беру үшін оқу бағдарламаларының жаңаруына байланысты медициналық терминдерді үнемі талқылау қажет. «Тіл – білім, тәрбие тұғыры», «Білім кілті – тіл» деген даналық сөздер бекер айтылмаған.
Конференцияға қатысушылар кәсіби мемлекеттік тілдегі оқу үдерісі, терминдерді қалыптастыру және енгізу жолдары, олардың медицинада, хирургияда жасалуы мен қолданылуы сияқты өзекті проблемалар туралы тәжірибелермен бөлісті.
Баяндамашылар студенттерді мемлекеттік тілде кәсіби және сапалы оқыту үшін қазақ терминологиясындағы өздерінің әзірлемелері аясында қызықты баяндамалар жасады.
Конференция іскерлік бағытта нәтижелі және танымдық сипатта болды.
Конференцияның барлық қатысушыларына алғыс айта отырып, кәсіби табыс, зор денсаулық, бейбітшілік пен өркендеу тілейміз.