Зияткерлік олимпиадасы
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы және «Жалын» пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдығына арналған «Тарих тағылымы» атты республикалық зияткерлік олимпиадасы өтті. Шараны жалпы медицина факультетінің 2-курс студенті, 2022 жылы өткен зияткерлік олимпиадасының жеңімпазы Ш.Досмағанбетова жүргізді. Олимпиадаға еліміздің жоғары оқу орындарынан жиырма команда қатысып, өзара бақ сынасты. Білім бәйгесі 4 кезеңнен тұрды.
1-кезеңде тарих пәнінен тест тапсырмалары беріліп, 2-кезең «ХХ-ХІХ ғасырлардағы тарихи тұлғалар, кино картиналар, қалалар» деп аталды. 3-кезеңде «Тарихи романдар» талданса, 4-кезең М.Жұмабайұлының еңбектеріне арналды.
Ақтық сында бес топ — М.Оспанов атындағы БҚМУ, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ және С.Бәйішев атындағы АУ студенттері белсенділік танытып, зияткерлік білімдерін көрсете білді.
Топтардың жұмысын қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары Б.Шәмші, С.Кумыспаев, М.Исламов және 6-курс студенті А.Боранбаева бағалап, кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Төлепбергени Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Ә.Қалиевтің атынан студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Б.Молдин осындай олимпиадалардың алдағы уақытта да өтетінін айтып, қатысушыларға алғысын білдірді.