«Дұрыс тамақтану қағидасын білесіз бе?»
Тамақтану проблемаларына, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің тамақтануына үнемі көңіл бөлініп, назар аударылып отырады, өйткені дұрыс тамақтану бала ағзасының өсуі мен даму үрдістерінің дұрыстығын қамтамасыз ететін және оның патологиясының пайда болуына жол бермейтін маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Тамақтануды дұрыс ұйымдастыру мәселесі тек медициналық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызыда бар, өйткені бұл адамның дамуының шешуші факторы болып табылады.
Соңғы уақытта көптеген ересектер және балалар тез дайындалатын тағамды, фаст-фудты қолдана бастады. Бір жағынан, бұл қарапайым және ыңғайлы, уақытты үнемдейді. Бірақ мұндай тағамды күнделікті пайдалану зиян және ол үшін ағза сізге “рахмет” айтпайтыны белгілі. Қазіргі таңда сіз өзіңізді жақсы сезінсеңіз де, бұл болашақта денсаулығыңыздың қалыпты жағдайда болады дегенін білдірмейді.
Дүниежүзілік дұрыс тамақтану күніне орай Ақтөбе қаласының №30 орта мектебінде кәсіби аурулармен гигиеналық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Г.И.Карашованың жетекшілігімен “Қоғамдық денсаулық сақтау” факультетінің 3 курс студенттерінің қатысуымен ” Дұрыс тамақтану қағидасын білесіз бе?” тақырыбында 7-8-9-10 сынып оқушыларының шақырылуымен шара өтті.
Студенттер, балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтануы, газдалған және энергетикалық сусындар мен фаст-фудтардың зияндылығы және “сәнді” диеталар туралы баяндамалар дайындады. Сонымен қатар, бейнероликтер көрсетіліп, “Тамақтану пирамидасы” және “Адам ағзасына қажетті тағам түрлері” тақырыбындағы көрнекі құралдары ұсынылды. Бұдан әрі мектеп оқушыларымен “Сұрақ-жауап” викторинасы өткізілді, оған оқушылар қызығушылықпен қатысып, сұрақтарға жауап берді.
Шара соңында білім алушылар мен ұстаздар қонақтарға өткізілген іс-шара үшін және көптеген қызықты, пайдалы ақпарат үшін алғыс білдірді.